Нұрай өлімі: марқұмның туыстары экс-полицейдің мәлімдемесіне келіспейді
Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың туыстары мен адвокаты бұрынғы полиция қызметкері Абылғазының айтқандарын жоққа шығарды.
Экс-полицей берген сұхбатында Нұрайдың үйге өз еркімен келгенін және мұны видео арқылы растағанын айтқан. Алайда марқұмның жақындары бұл бейнежазба қысыммен түсірілген деп есептейді.
Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, видеоны жариялау отбасы үшін ауыр соққы болған. Ал адвокат Сержан Нұрпейісов бұл материалды тергеу құпиясына жататын дерек деп санап, полицияға шағым түсірілгенін мәлімдеді.
Қазір іс бойынша ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті тергеу жүргізіп жатыр. Бұған дейін бұл іске байланысты Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығы қызметтен босатылған еді.