Ақтаудағы сауда орталығында жасөспірімдер қыз баланы ұрып-соққан
Ақтаудағы «Saya Park» сауда-ойын-сауық орталығында жасөспірімдер тобы кәмелетке толмаған қызды соққыға жықты. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады.
Куәгерлердің айтуынша, қыз фотобудкада суретке түсіп тұрған кезде бірнеше бала ішке кіріп, пердені тартып, әдейі кедергі келтірген. Кейін жанжал ұлғайып, қызды топ болып ұрған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдердің ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілгенін хабарлады. Материал кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданған.
Жасөспірім профилактикалық есепке алынды, ал оның анасы баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Дәрігерлер балаларды тексеріп, дене жарақаттары анықталмағанын мәлімдеді. Ал облыстық білім басқармасы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін 2026 жылғы 30 қаңтарда мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен ата-аналардың қатысуымен арнайы кеңес өтетінін хабарлады.