Светлана Жақыпова еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен кетті
Светлана Жақыпова Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды.
Тиісті жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойған.
«Мемлекет басшысының жарлығымен Жақыпова Светлана Қабыкенқызы Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босатылды», – делінген ресми хабарламада.
Светлана Жақыпованың еңбек жолы
Светлана Жақыпова Целиноград мемлекеттік педагогикалық институтын және Алматы экономика және статистика академиясын тәмамдаған.
Еңбек жолын 1984 жылы Қарағанды облысындағы Қарой орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1997–2008 жылдары Ақмола облыстық зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың филиалында еңбек етті.
2008–2011 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру департаментін басқарды. 2011 жылы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» жобалық офисінің бағдарламасына жетекшілік етті.
2013–2019 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарды. 2020 жылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бас директорының орынбасары болып тағайындалды. 2020–2023 жылдары БҰҰ Даму бағдарламасының әлеуметтік даму мәселелері бойынша ұлттық сарапшысы болды.
2023 жылғы маусымда Президент жанындағы әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың құқықтары жөніндегі уәкіл қызметіне кірісті. Сол жылдың 2 қыркүйегінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған еді.
2024 жылғы 6 ақпанда қайтадан министр қызметіне тағайындалған болатын.