Еске салсақ, биыл сәуірде әкімдік ғимаратының алдында оқ атылған еді. Сол кезде қала әкімінің орынбасары болған Руслан Берденовке оның бағынышты қызметкері, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС басшысы Ернар Жиембай оқ жұмсаған. Ол кісі өлтіруге оқталды деп танылып, тоғыз жылға сотталды.
Бүгінгі брифингте Сыздықбеков Жиембай бұған дейін айтқан «әкімнің қылмысқа қатысы бар» деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
«Менің бұл іске қатысым бар деген әңгімелер — жала. Маған қандай қатысы болсын? Әрине, адам өзін арашалау үшін не болса соны айтады. Болды. Сот шешім шығарды, мәселе жабық. Оны қайта-қайта қозғаудың қажеті жоқ», — деді ол.
Әкімнің айтуынша, Берденов әкімдікте небәрі бір ай ғана жұмыс істеген. Сондықтан оның келуімен қаланың ерекше дамып кеткені жөніндегі әңгімелер шындыққа жанаспайды.
«Әртүрлі әңгімелер тарады. Мысалы, «оның келуімен қала гүлдене бастады» деген сөздер шықты. Бұл — шындыққа сай емес. Ол қызметіне енді ғана кірісе бастаған. Одан кейін не болғанын өздеріңіз білесіздер. Әркімнің өз пікірі бола береді», — деді мегаполис басшысы.