Жаңалықтар

Депутат: Мүгедектігі бар балаларды мазақтауға қылмыстық жаза керек

Мәжіліс депутаты Еділ Абдиев мүгедектігі бар балалар мен азаматтарға қарсы өшпенділік тілі күшейгенін айтып, Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады. Ол инклюзивті саясатты күшейтіп, кемсітуге қарсы қатаң шара қабылдауды сұрады.

Мәжіліс депутаты Еділ Абдиев қоғамдағы мүгедектігі бар азаматтарға қарсы өшпенділік тілінің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Ол Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, инклюзивті саясатты күшейтуді, ақпараттық жұмысты қайта қарауды және кемсітушілікпен күресті күшейтуді сұрады.

«Өшпенділік тілі күшейді — мемлекеттің жауапты қадамы қажет»

Депутаттың айтуынша, соңғы айларда әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар балалар мен азаматтарды қорлау, мазақ ету, кемсіту жиілеген. Бір блогер аутизмі бар балаларды өлтіруге шақырса, жақында тағы бірі аутист балалар мен олардың ата-аналарын қорлаған.

Абдиев мұндай өрескел әрекеттерге әкімшілік жаза емес, қылмыстық жауапкершілік қолдану қажет екенін айтты.

«Әлеуметтік желі — надан адамның қолындағы қаруға айналды»

Депутаттың пікірінше, бұл — қоғамдағы жасырын кемсітушіліктің ашық формаға ауысуының белгісі. Қазақстан қазір медициналық модельден әлеуметтік модельге көшіп жатқандықтан, қоғам белгілі бір қарсылық кезеңінен өтіп келеді.

Осы уақытта мемлекеттің міндеті — сананы дұрыс бағытта өзгерту, тең құқықты қорғау, деді ол.

«66 млн теңге – бүкіл республикада нәтиже беретін сома емес»

Абдиев Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл бағытқа бөлген соңғы екі жылдағы 66 млн теңге жеткіліксіз болғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қаражат ұсақ жобаларға бөлініп, жүйелі ақпараттық саясат қалыптаспады.

Сондықтан депутат бұрын ұсынған жылына 200 млн теңгеден – үш жылға 600 млн теңге бөлу туралы түзетудің қабылданбауы стратегиялық қателік болғанын айтты.

Депутат Үкіметтен қандай шара талап етті?

Абдиев Аида Балаеваға үш бағыт бойынша нақты ұсыныстар жолдады:

1. Ұлттық коммуникациялық саясат әзірлеу

– Мүгедектігі бар адамдар туралы дұрыс түсінік қалыптастыру
– Өшпенділік тілінің алдын алу
– Инклюзивті қоғамға арналған 2026 жылға арналған ұлттық іс-шаралар жоспарын қабылдау

2. Ақпараттық саясатты күшейту

– Инклюзия тақырыбына арналған республикалық жобаларды кеңейту
– Ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарлама жасау
– Қаржыландыруды қайта қарау

3. Кемсітуге қарсы құқықтық саясатты қатайту

– Өшпенділік тілі мен қорлауға қарсы тиімді шаралар қабылдау
– Үкімет жанынан алдын алу тетіктерін жүйелі түрде іске қосу

«Қоғамның адамгершілік деңгейі — ең әлсіздерге деген қарым-қатынаспен өлшенеді»

Абдиев қазіргі жағдайды кездейсоқ оқиға емес, мемлекеттік деңгейде шешуді қажет ететін дағдарыс деп атады.

Ол министрден ұсыныстарды Үкіметке енгізіп, нақты шаралар қабылдауды сұрады.