Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алтыншы тур ойыны 9 желтоқсанда Астанада өтіп, алаң қонақтары 0:1 есебімен жеңіске жетті.
Темірлан Анарбеков матч барысында сегіз қауіпті соққыны қайтара отырып, қарсыластың есепті ертерек ашуына мүмкіндік бермеді. «Олимпиакостың» жалғыз голын 73-минутта Желсон Мартинш соқты. Алматылықтар қарсылас қақпасына тек бір ғана дәл соққы бағыттай алды.
Айта кетейік, бұл ойында Анарбеков алаңға капитандық байламмен шықты.
Анарбеков — «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы сенсациясының басты кейіпкерлерінің бірі
22 жастағы қақпашы Чемпиондар лигасының іріктеуіндегі «Селтикпен» өткен матчтардан кейін кең танымал болды. Ол жарақат алған Александр Заруцкийдің орнына кенеттен алаңға шығып, қос кездесуде де қақпасын голдан аман сақтап қалды.
Ойынның негізгі уақыты аяқталғаннан кейін Темірлан пенальтилер сериясында үш соққыны тойтарып, «Қайратты» клуб тарихында алғаш рет турнирдің жалпы кезеңіне өткізді.
Кейіннен Анарбеков Қазақстан құрамасының да негізгі қақпашыларының бірі атанып, Бельгиямен болған (1:1) әлем чемпионатының іріктеу матчында командаға шешуші пайдасын тигізгендердің қатарында болды.
Биылғы маусымда Темірлан «Қайрат» сапында 17 матч өткізіп, соның 11-де қақпасын құрғақ сақтай алды.