Кафе дәретханасында қызды зорламақ болған ер адам сотталды
Ақтөбеде сот кафеде демалып отырған қызға шабуыл жасаған ер азаматқа үкім шығарды. Ол зорлау әрекетін жасамақ болды деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Диапазон» басылымының мәліметінше, оқиға қаладағы кафелердің біріндегі әйелдер дәретханасында болған. Қыз кабинада отырған кезде белгісіз ер адам есікті қағады. Жауаптан кейін де кетпей, құлыпты бұзып, ішке кіріп кеткен.
Қолындағы шанышқымен қорқытып, жәбірленушінің кеудесіне қол салған. Кейін оны шешіндіріп, зорлауға әрекеттенген.
Қыз айқайлап, көмек сұрай бастағанда, оның дауысын басқа келушілер естіп, дәретханаға жүгіріп кірген. Олар ер адамды ұстап, полиция келгенше ұстап тұрған.
«Сотта айыпталушы зорлау әрекетін жасағанын толық мойындады. Сот оны 6 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», — деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.