Қаржылық мониторинг агентігі Перизат Қайрат ісі бойынша қосымша ақпарат беретінін айтты

Қоғам назарындағы бұл іс қайырымдылық қаражатының дұрыс пайдаланылуына қатысты сұрақтар тудырды.

Перизат Кайрат. Фото: instagram/01pk

Қаржылық мониторинг агенттігі қайырымдылық қорының негізін қалаушы Перизат Қайраттың ісіне қатысты қосымша ақпарат жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz ақпараттық агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Агенттіктің ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, алдағы уақытта журналистер мен қоғам аталған іске қатысты қосымша мәліметтер алады.

"Кеше ресми ақпарат біздің сайтта, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларымызда жарияланды. Бүгінгі таңда мен осы мәліметтен артық ештеңе аша алмаймын, өйткені мені Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптары шектейді", – деді Әбділов.

Журналистер агенттік өкілінен Перизат Қайрат ісіне басқа блогерлердің қатысы бар-жоғын да сұрады.

"Бұл бағытта да жұмыс жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылауға тапсырмасы бар. Қосымша фактілер анықталса, біз оларды да қоғамға жеткіземіз", – деп қосты Әлібек Әбділов.

Жүктелуде...