Сұхбат

“Жасөспірімдер Корей жігіттеріне ғашық”: Мөлдір Мұқан ерекше сериал түсіруде

Отандық танымал блогер, продюсер Мөлдір Мұқан жасөспірімдер жайлы ерекше сериал түсіруде. Аталмыш сериалдың түсірілім барысын және негізгі идеясын білу мақсатында тілшіміз продюсермен тілдесті,- деп хабарлайды newsroom.kz 

- Жарыққа шыққалы жатқан туындыңыз YouTube арнасында жарияланатын сериал. Қалың көрерменге жолданатын сериалдың аты қандай және негізгі иедеясы неде?

- Туындымыздың аты “Команда 9” деп аталады. Жалпы бұл көпшілікке шыққалы жатқан сериалда тоғызыншы сынып оқушыларының қоғамға жасаған жақсылығы мен қайырымдылығы көрсетіледі. Мен сыншы емеспін, десе де көрермен ретінде ойлана отырып, сериал арқылы өз ойымды жеткізсем деген ниетпен бастадым. 

Өкінішке орай, қазір қоғамда жасөспірім қыздар Корей елінің жігіттеріне ғашық. Корей сериалдарында көзге көрікті көрінетін әдемі үй, әдемі мектеп көрсетіледі. Әсерінен жастар арасында еліктеушілік пайда болады. Ойлана келе, қоғамдық пікірді өз арнамызға яғни өз мәдениетімізге бұрсақ деген ниетпен осы сериалды түсірдік. Дәлірек айтқанда, көптің пікірінің өзгеруіне септігіміз тисе екен деген ой. 

Сериалды толық көре жатарсыздар, дегенмен қысқаша мазмұнын атап өтейін. Сериалда әлеуметтік жағдайы жақсы отбасыда өскен 10 жасөспірімнің, яғни сыныптастардың қайырымдылықпен айналысуы және олардың ата-аналарына айтпай, ұлағатты ұстаздың өмірін сақтап қалуы. Болашақта туындымыз жоғары деңгейде бағаланса, әрі қарай дамыту ойда бар. Бұл біздің алғашқы қадамымыз. Сондай-aқ елімізде бұрын-соңды бола қоймаған жасөспірімдер сериалы. Бір айтқым келетіні, түсірілім барысында актерлердің шаштарын бояуға тура келді. Әрине, бұл мектеп ережесіне сай емес, дегенмен болып жатқан жайттар экранның ар жағындағы қалың көрерменге өтімді болу үшін, кәсіби тұрғыда солай жасадық.

- Туындының продюсері өзіңіз. Жалпы  сериалға түсуге ниет білдірген беделді актерлер болды ма? 

Жалпы сериалда кино саласында тәжірибесі мол, Ақболат Өтебаев үлкен қолдау білдірді. Оның осы бастамамыздың көрерменге жол тартуына тигізіп жатқан еңбегі мол. Сондай-ақ «Назар аудар» театрының бірқатар актерлері сериалға түсуде. Сондай-ақ отандық блогерлерде сериалға түскелі жатыр. Дәлірек айтқанда, Есентай Ниязбеков және Рәзия. Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық арнасының тележүргізушісі Ирина Тен. 

- Құпия болмаса, аталмыш сериалды кім қаржыландырды? 

- Нақтырақ айтсақ, бұл туындыны мен өзім қаржыландырдым. 

- Түсірілім қай уақытта бітеді деп жоспарлануда? 

- Түсірілім уақыты 2 қазанда аяқталады.  Негізі 2 апталық түсірілім болады деп жоспарланған.

- Егер “Команда 9” сериалы қалың көпшіліктің көңілінен шығып жатса, болашақта қандай жоспарлар бар?

- Біздегі жоспар осы туындыны әрі қарай дамыту. Көп қаралым жинап, елге танылып жатса, толықметражды фильм түсіру жоспарда бар. Біздегі негізгі мақсат-талпынып тұрған жастарды қолдау. Сондай-ақ сериалға менің 15 жасар қызым түсуде. Ол алғаш рет камера алдында өз бағын сынап жатыр.

- Сұхбаттасқаныңыз үшін көп рақмет!