АЭС құрылысы турасында халық қандай пікірде?

Атом энергиясының қуаттылығы көмір мен газдан әлдеқайда жоғары.

Фото: ru.freepik.com

АЭС Қазақстанға не үшін қажет? Ол неше жылда салынып бітеді? Мұндай станция барлық өңірге керек пе? Осы және өзге де сауалдарды біз түрлі сала өкілдеріне қойып көрдік, – деп хабарлайды newsroom.kz

Солардың бірі – қарапайым электромонтер Қамза Бекбергенов. Өз кезегінде ол АЭС құрылысын қолдайтынын айтады.

– Мемлекет басшысының Жолдауында энергия тапшылығын жою үшін елімізде АЭС салу қажеттігі айтылды, - дейді ол. – Бүгінде ғылым мен техника дамыған заман. Жыл өткен сайын өркениеттің жаңа жетістіктері өмірімізге екпіндеп енуде. Игілігін көріп те отырмыз. Бірақ, солардың дені электр энергиясына тәуелді. Қарапайым ғана жанар-жағармай бекеті автоматының өзі онсыз жұмыс істемейді. Желіде ақау болып, энергия көзінен ажыраса, қашан қосылғанша күтіп тұрасыз. Жағармайды көлікке шелекпен құя алмайсыз, солай емес пе? Үйіңіз газбен жылытылғанымен жарық өшіп қалса құбыр бойымен су айдайтын насос тоқтап, бөлмелер суи бастайды. 

Ал, халық тұтанатын тауарларды өндіретін ондаған кәсіпорындар, зауыттар мен фабрикалар, коммуналдық қызметтер күніне қаншама энергия қажет ететінін көзге елестетіп қараңыз. Түнімен самаладай жарық шашып тұратын көше жарықтары бар. Олар өшіп қалса не болмақ? Қалалар мен ауылдар өскен сайын олардың сұранысын қамту да қиындай түседі. Әрі көмірмен жұмыс жасайтын электр стансаларының мұржаларынан шыққан түтін ауамызды да бүлдіріп жатыр. 

Президентіміз Жолдауында: «Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек» дейді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрып жатқан жаңа Қазақстанда АЭС салу халықтың талқысына түсіп отыр. Кеңес Одағы кезінде Семей, Азғыр полигондарын салғанда қалың бұқарамен ешкім санаспады. Нәтижесінде зардабын шектік. АЭС жиі сынақ өтіп жататын полигон емес. Әрине, атом электр стансасы дегенде, көз алдымызға Чернобыль апаты келетіні айдан анық. Бірақ, одан бері қырық жылға жуықтады ғой. Бүгінгі жаңалық ертең ескіріп жатқанда, атом саласында ештеңе өзгермей, бәрі солай қалмаған шығар. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрынғы автокөлікпен, қазіргілерін салыстырып қарайық. Айырмашылығы жер мен көктей. Ғалымдардың пайымдауынша қазіргі заманауи атом электр стансаларын салғанда бұған дейін жіберілген қателіктер қайталанбайды. Бәрі ескеріліп, қауіпсіздік толықтай сақталады.

Жалпы, атом энергиясы сарқылмас қуат көзі екенінен хабардармыз. Оны неге ел игілігіне қолданбасқа?! «Темірді қызған кезде соқ», деп халқымыз айтқандай, АЭС салу мүмкіндігі туындап тұрғанда пайдаланып қалғанымыз дұрыс. Қазақстанның өзендері көршілес елдерден бастау алатындықтан, ерте ме, кеш пе бізге қосымша энергия көзін іздеу қажеттігі туындайды. 

Осы ретте, біз жас мамандардың да ойын білген едік.

– Мен еліміздегі үш алыптың бірі саналатын “Теңізшевройл” ЖШС-нің Келешек кеңею-ұңғымалардың ернеуіндегі қысымды төмендету жобасында дәнекерлеу курсынан өттім, - дейді жас дәнекерлеуші Қазбек Құрманғали. – ТШО-ның курсынан бір жыл өткеннен кейін Түркия еліне АЭС құрылысын салуға бардым. Бұл жоба мен үшін үлкен мектеп болды. Өйткені, оған дейін шағын компанияларда еңбек еткен едім. Маңызды жобадан көп тәжірибе жинақтадым. Жұмысшыларға жасалған жағдай бәріміздің көңілімізден шықты. Сонда бір жылға тарта жұмыс істедім. Вахталық әдіспен үш ай еңбек етіп, бір ай демалатынбыз. Әрине, ол кейбіреулер үшін қолайсыз еді. 

Өзім Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келіп, осы өңірде мектеп бітірдім. Ал, жоғары оқу орнын Алматыда тәмамдадым. 2022 жылы Атыраудан дәнекерлеу курсын аяқтадым. Осы салада тағы да жұмыс істеуге ниеттімін. АЭС-те 12 сағаттық жұмыс кестесі болды, яғни таңғы сағат 07.00-де басталып, 19.00-де аяқталатын. Кейде жағдайларға байланысты 8 сағат жұмыс істеген сәттер де кездесті.

Айта кетейік, бұл бағытта арнайы халықтық штаб құрылған. Соның мүшесі Махамбет Жексенов АЭС бағытында кадр мәселесіне алаңдамауға болатынын айтады.

– АЭС салынған кезде оның құрылысына қарапайым тас қалаушыдан бастап қазақстандық мамандар тартылады, - дейді ол. – Ең бастысы, елімізде атом электр станциясының салынуы бізді өзге мемлекеттердің энергия көзінен тәуелділіктен арылтады. Яғни, ешкімге жалтақтамай, электр энергиясының қуатын өзіміз өндіреміз.

Барлық халықаралық қағидалар сақталса, мен бұл атом электр станциясын қолдаймын. Себебі, қазір халықаралық қаржыландыру банкілері көмірге инвестиция салудан қашып отыр. Өйткені, оның болашағына күмәнмен қарайды. Күн сәулесі мен жел де әрқашан болмауы мүмкін, бірде-бар, бірде-жоқ. Сондықтан, оларды мақсаттарымызды шешетін тұрақты энергия көздері деп айтуға болмайды. Демек, атом индустриясын дамыту керек деп ойлаймын. Қазіргі атом электр станциялары жаңа талаптарға сай өте жақсы жасалады деген сенімдемін.

Сондай-ақ, бұл ретте экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнар Сүлейменованың да өз ойлағаны бар екен. 

– Президент 2021 жылғы Жолдауында 2030 жылға қарай елімізде электр энергиясына тапшылық туындайтынын атап айтты, - дейді ол. – Ал, биыл электр энергиясын тұтыну рекордтық көрсеткішке жеткен. Сондай-ақ, бүгінгі күні көрші мемлекеттерден сатып алынып отырған электр қуаты сапасының сын көтермейтіні де баршамызға мәлім. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту қарастырылуда. АЭС салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұрса, тағы 10 мемлекет құрылысын бастамақшы.

«АЭС салудың пайдасы неде?» деген сауалға жауап іздер болсақ, біріншіден, жыл сайын СО2 қалдықтарын шығару алдын алынады. Екіншіден, қоршаған ортаны қорғауға қосатын үлесі айтарлықтай. Мәселен, 1 кг уран (АЭС уранмен қызмет етеді) 100 тонна көмір 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады. Осыдан соң ойлап көріңіз, 100 тонна көмір жаққанда қаншама түтін шығып, қоршаған орта ластанады. Соның ішінде мұның зиянын атыраулықтар жақсы біледі деп ойлаймын. Үшіншіден, әлеуметтік жағдай жақсарып, елдің экономикасы дамиды. Төртіншіден, тұрмыстық жағдай, әсіресе, кәсіпорындардың, шағын және орта кәсіптің дамуы электр қуатына байланысты болғандықтан бизнестің дамуына да түрткі болары сөзсіз. Бесіншіден, мамандардың айтуынша, күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін аса қажет. Болашақта электр жарығына тапшылық қаупі туындап тұрған жағдайда, АЭС салудан бас тартпауымыз керек. Алтыншыдан, АЭС-тің арқасында ең алдымен тасымалданатын жарықтан құтылып, өзіміздің өнімге қол жеткіземіз. Жетіншіден, АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі, ал уран өз елімізде өндіріледі. 

Сонымен бірге, атом энергиясын экспорттауға, сатуға болады. Атом энергиясын тиімді пайдалану тақырыбында инновациялық жобалар көбейіп, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Тағы бір артықшылығы атом энергиясының қуаттылығы көмір мен газден әлдеқайда жоғары және аз қалдық шығарады. Алынатын энергия да экологиялық ең таза әрі қауіпсіз. 

Бүгінде АЭС бар елдер дамыған мемлекеттер қатарына жатады. Олар: Франция, АҚШ, Жапония. Ал, аталған станса құрылысы қазіргі кезде Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш, Түркия елдерінде жүргізілуде. АЭС жұмыс істейтін елдерде ешқашан халық тарапынан шағым болмаған және энергиямен қамтамасыз ету сапалы жолға қойылған.

Жүктелуде...