Жаңалықтар

Қазақстанға келетін глобуста Украинаның оккупациядағы аймақтарын Ресейге қосыпты

Қазақстанға келетін тауар глобусқа 
Украинаның оккупациядағы аймақтарын Ресейге қосқан. Бұл туралы Асхат Қасенғали өз Facebook парақшасында жариялады,- деп хабарлайды newsroom.kz

Асхат Қасенғалидің айтуынша ұлына физикалық және саяси карта тапсырыс берген.

"Глобусты қарасам, Украинаның оккупациядағы аймақтарын Ресейге қосып қойыпты. Сатып алған дүкенге жаздым. "Біздегі глобустың барлығы осындай" дейді.

Қазақстанға кіріп жатқан өнімді қарайтын, тексеретін орган бар ма өзі? Мынандай глобусты қанша адам сатып алды, қанша оқыту орталықтары алды, ешкім білмейтін шығар.

2022 жылы Қазақстан президенті Петербор форумында ЛХР, ДХР деген квазимемлекеттік құрылымдарды мойындамайтынын нақты айтты. Қазақстан Қырымның аннексиясын да мойындаған емес. Ендеше неге Қазақстанның ұстанымына сәйкес келмейтін тауар түрлері сатылымда тұр? Бұны кім қарайды, кім қадағалайды? Қай орган жауап береді?"- деп жазды  Асхат Қасенғали