Жаңалықтар

Жасөспірім және жауапкершілік

Балалар мен жасөспірімдердің  арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу - қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта компьютерлік ойын сауық орындарында, дәмханаларда, көше бойында жүретіндері жасырын емес. Бұл мәселе қазіргі кезде тәртіп сақшыларының басты бақылауында,-деп хабарлайды newsroom.kz

Осы орайда, Атырау облысы аумағында жыл басынан бері «Жасөспірім және жауапкершілік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жаз» жедел профилактикалық іс- шаралары өткізілді. Облыс аумағында өткізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері беймезгіл уақытта үй-жайдан тыс жүрген жасөспірімдерді анықтап, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Айта кету керек, жыл басынан бері кәмелетке толмағандарға қатысты 5000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ,  жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстық құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен, жыл басынан бері атыраулық полицейлер 1000-нан астам профилактикалық іс-шара өткізді.

2024 жылғы 16 маусымында күшіне енген «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес кәмелетке толмағанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің жауапкершілігі енгізілді.

Құқық бұзушылық жасаған кезде кәмелетке толмағандар, құқық бұзушылық субъектілері, ең алдымен, оның ата-анасы болып табылады. Әкімшілік жауапкершілік ҚР ӘҚБтК – нің 28 бабы бойынша 16 жастан бастап, ерекше жағдайларда ҚР ӘҚБтК – нің 435-бабы бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін - 14 жастан басталады. ҚР ӘҚБтК-не енгізілген 127-2 «Кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу» бабының 3-бөлігі бойынша осы әрекетті 12-16 жастағы бала жасаса ата-анасына ескерту немесе 10 АЕК айыппұл көзделсе, 16 жастан жоғары жасөспірім осы әрекеті үшін әкімішілік жасаупкершілікке тартылады. Заң бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан бастап, ауыр және аса ауыр түрлерді жасағаны үшін – 14 жастан басталады, - деді Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция подполковнигі  Орынгүл Жанғалиқызы Кушкалиева