ШҚО-да қызмет бабында қаза болған үш полицейдің балалары грантпен оқуға түсті
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ШҚО полицейлерінің балалары грантпен оқуға түсті, – деп хабарлайды newsroom.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша өз борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция, өрт сөндірушілер мен әскери қызметкерлердің отбасыларына білім беру саласында тиісті жеңілдіктер беру туралы көптеген мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, балаларын балабақшаларға кезексіз қабылдау, жоғары оқу орындарында оқуға гранттар беру туралы мәселелер шешілді. Бұл жолы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері қаза тапқан үш әріптесінің балаларына жоғары оқу орындарына грантқа түсуге көмектесті. ШҚО ПД ППБ жол полициясы инспекторы Ерболат Көшембаевтың кіші ұлы – Нұрсұлтан өзі армандағандай, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “менеджмент” мамандығы бойынша оқитын болды. Полиция қызметкері жол-көлік оқиғасына әкеп соққан заң бұзушыны ұстау барысында қаза тапқан, ол кезде Нұрсұлтан небәрі екі айлық бала болған. – Сізге және сіздің ұжымыңызға рақмет. 17 жыл бойы біз әрқашан қиын сәттерде сіздердің қолдауларыңызды сезініп келеміз. Ұлым әкесі туралы көп білмесе де, өздеріңізге сенім арта алатынын сезініп өсті, бұл үшін сіздерге үлкен алғыс, – деп жазды Нұрсұлтанның анасы ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған алғысхатында. Дәуір Ибраевтың қызы – Адель қыркүйек айында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясында оқуын бастайды. Бойжеткен “тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың сызбасы” мамандығын таңдады. Анасы атап өткендей, олардың отбасы полиция департаментінің басшылығы мен тәрбие және кадр жұмысы басқармасының қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіреді. – Сіздердің көмектеріңіз бен біздің жағдайымызға бей-жай қарамауларыңыз үлкен құрметке лайық. Сондай-ақ ШҚО ПД кадр бөлімінің қызметкерлері Қарлығаш Жүсіпова мен Ақбота Нұрмұхамбетоваға грант алуда көрсеткен көмегі мен қолдауы үшін алғыс айтқым келеді, – дейді марқұм полицейдің жұбайы Әсел Ибраева. Полиция қызметкері Асқар Қуандықовтың ұлы – Бексұлтан Еребек гранттың үшінші иегері атанды. Оның әкесі Күршім АПБ учаскелік инспекторы болып жұмыс істеген, тәртіп сақшысы ЖКО салдарынан қаза тапқан. Уақыт өте келе Бексұлтанның анасы да көз жұмған, баланы атасы тәрбиелеп өсіріп, бір-біріне тірек бола білген. Шәкәрім атындағы университетке түскен жігерлі жас жігіт болашақта мұғалім болуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына белсенді көмек көрсетуде және мұндай бастамалар заң қызметкерлерінің келесі ұрпаққа беретін құндылықтарының символына айналмақ. Азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жанын қиған полицейлердің балалары ата-аналары туралы естеліктерден мотивация алып, білімге және өзін-өзі жетілдіруге нық қадам баса отырып, болашаққа сеніммен қарайды.