Ғылым министрі 1-курс студенттеріне үш кеңес берді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 1-ші курс студенттеріне үш кеңесін берді,- деп хабарлайды newsroom.kz
«Біріншісі — оқу процесі. Соны аяққа тұрғызып алыңыз. Осы қатені көп адам жасайды, мен де жасадым — жаңа қалаға келіп жоғалып кеттік. Бірінші жыл өте маңызды. Оқу процесін әу бастан дұрыс жолға қоймасаңыздар, одан кейін қордаланып қалады, екінші, үшінші семестрде қиын болады», — дейді министр.
Саясат Нұрбек айтқан екінші кеңес — ақпаратпен жұмыс істеу дағдысын қалыптастыру.
«Қазір ақпарат өте көп. Кез келген дәрістен шыққан соң, бірнеше слайд, бірнеше кітап пен сілтеме болады. Оны жүйеге келтіретін өз тәртібіңіз болуы керек. Сондықтан цифрлық тәртіп немесе цифрлық қауіпсіздік өте маңызды. Үшінші кеңес — денсаулық. Тамағыңызды, күндік тәртібіңізді, денсаулығыңызды, су мен тамақ сапасын мұқият қараңыз. Сіздің денсаулығыңыз — тек қана сіздің жауапкершілігіңіз», — дейді Ғылым министрі.
Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында грант саны 94 мыңнан асты.
Оның ішінде 78 мың грант — бакалавриат студенттеріне, 13 мың грант — магистратураға берілсе, 3 мың грант болашақ докторанттарға қарастырылған.