Аймақтар

Атырауда дәрігерлер жүрегі тоқтаған қыздың өмірін сақтап қалыпты

Атырау қаласында дәрігерлер жүрегі тоқтап қалған 12 жастағы қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлады newsroom.kz порталы azh.kz-ке сілтеме жасап

Облыстық балалар ауруханасы мен облыстық кардиологиялық орталығының дәрігерлері балаға кардиостимулятор салды.

12 жастағы қыз қант диабетімен ауыратын. Ол аяқ астынан есінен танып, дереу облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Балалар кардиологы Тамилла Алпысбаева қыздың денсаулығын жедел түрде жан-жақты зерттеп, әріптестерін науқастың жағдайы өте ауыр екенінен хабардар етті. 

НАУҚАСТЫҢ ЖҮРЕГІ 4 СЕКУНДТҚА ТОҚТАП ҚАЛҒАН

Ол зерттеу кезінде қыздың жүрегі 4 секундтқа тоқтап қалғанын, егер науқасқа ота жасалмаса жүрек кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін, деді.

Содан кейін атыраулық мамандар кеңес алу үшін дереу Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиология орталығының аритмологтарымен байланысқа шықты. Нәтижесінде Атырау кардиологиялық орталығында науқасқа ота жасалып, оң жақ қарыншаға (жүрек ішілік) белсенді фиксациясы бар тұрақты сыртқы кардиостимулятор имплантацияланды. Содан кейін қыз санавиация арқылы Астанадағы кардиологтарға жеткізілді.

Операцияны құрамында аритмолог дәрігерҚ.Ж.Испергенов, ассистент  рентгенохирург А.А.Максимов, реаниматолог Т.Лесулы, кардиолог Ж.М.Оралбекова, балалар кардиологы Т.Маратқызы бар дәрігерлер командасы имплантацияны сәтті өткізіп, ритмді кардиостимулятор енгізді.

Қазір баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Биыл ақпан айында Астанадағы №2 қалалық көпсалалы аурухана дәрігерлері науқастың өмірі үшін 35 күн бойы күрескені хабарланған еді.  Оның жүрегі бір тәулікте 53 рет тоқтап қалған болатын.