Тарих

Әміре Қашаубаев - Парижде қазақты әлемге танытқан тұңғыш әнші

Әлем сахнасында қазақ өнерін паш етіп, Мәскеу, Париж, Франкфурт сынды әсем қалаларда қазақ әнін шырқаған өнер иесі Әміре Қашаубаев туралы не білеміз?

Нағыз талант иесі Әміре Абыралы ауданына қарасты Дегелең тауының алабында дүниеге келген.

Деректерге сүйенсек, кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келіпті.  Жас Әміре, Исабек деген байдың ат айдаушысы болып еңбекке ерте араласқан көрінеді. 

Исабек жас әншіні жанына ертіп жүріп, той-жиындарда ән салғызған. Осылай, көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылған. 

Әміре Атақты Қоянды жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянауылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уалиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. 

Бертін келе, Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің IV съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен. 

1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында "Правда" газеті басылымына Әміре Қашаубаевтың өнері жарияланады.

Сондай-ақ, Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесінде этнографиялық концертке қатысып,  ''Ағаш аяқ", "Қанапия", «Үш дос», "Жалғыз арша", "Қос балапан" т.б. әндерді орыңдап екінші орын алып, күміс медаль иемденеді.

 "Париж апталығы" газеті мен "Ле мюзикль" журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған деген дерек бар.  Осылайша Әміре Қашаубаев шетелде өнер көрсетіп қазақ елін танытқан тұңғыш әнші. 

Әміре Қашаубаев  Парижде Мұстафа Шоқаймен кездесіпті. Ең әуелі Мұстафа қазақтың әншісі келді деп көруге барған. Әміре екеуі құшақтасып, жылап көрісіпті. Мұстафа Әмірені үйіне апарып, костюм-шалбар сатып әперді деген ақпарат бар. 
 
Деректерге сүйенсек, Әлихан Бөкейханов  осы кездесуде Әміреге Париждегі Мұстафаға хат беріп жібереді екен. Бұл деректі Әлиханның қызы Лиза аталас інісі Сырым Бөкейхановқа айтыпты. «Әкем (Әлихан) Әміренің аяқкиімінің табанын ашып, сол жерге хат салып, қайта тігіп, Мұстафаға апарып бер», – дейді. Кейін Парижден қайтқанда Әміре тағы да Әлиханның үйіне барады.  Сырым Бөкейханов «қайтып келгенде Мұстафадан жауап хат алып келгені анық», – деп топшылайды.

Айта кетелік, Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. тарапынан жоғары баға алған. А.В.Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан "Балқадиша", "Дударай", "Бес қарагер", "Көк көбелек" тағы да басқа әндерін жазып алған.

Әміре Қашаубаевтың жан тебірентерлік әсем дауысы

Сондай-ақ,  1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысты. Ол мұнда қазақтың алғашқы операсы «Қыз Жібекте» Бекежанның ариясын орындауға тиіс болатын. Алайда, 1934 жылғы қарашаның 5-інен 6-сына қараған түнінде Әмірені далада кісі өлтіріп кетеді. Оның денесін даладан тауып алған. 

1925 жылы Әміренің орындауында фонографқа жазылып алынған "Жалғыз арша", "Үш дос", ''Ағаш аяқ",  "Смет", "Дударай", ''Бес қарагер" әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж.Шәкәрімов тауып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілген.

Айта кетелік,  Әміре Қашаубаев жанында тұңғыш фильм 2018 жылы көгілдір экранға шықты.

Кинотуынды қазақтың тұңғыш драмалық тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың (1888-1934 жж.) қамшының сабындай ғана қысқа да, жарқын ғұмырын баяндайды.  Парижде өткен Exposition Internationale des Arts Décoratifs et Industriels Modernes шеңберінде өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда Еуропа көрермендеріне қазақтың дәстүрлі әншілік өнері мен қара домбырасын паш еткен 36 жастағы Әмре Қашаубаев КСРО делегациясының арасынан топ жарып, екінші орынды және күміс медаль иеленді.

Айта кетелік, фильм дарынды әнші Әміре Қашаубаевтың джаз орындаушысы Джордж Гершвинмен достығы туралы сыр шертеді. "Әміре" фильмі Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған Әміре Қашаубаевтың 130 жылдығында шықты. 

Фильмде Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы "Балқадиша", "Үш дос", "Дударай", "Бес қарагер" және т.б. әндері орындалады.