Жаңалықтар

«Алматы жастары» бағдарламасы аясында биыл 1200 жас алматылық баспаналы болады

«Алматы жастары» бағдарламасына өтініштерді қабылдау 29 шілде айынан бастап, 7 тамызға дейін (қоса алғанда) жалғасады. Тұрғын үй бағдарламасының әлеуетті қатысушылары www.almaty-zhastary2024.kz жаңа сайтында онлайн өтініш бере алады. Ол үшін үміткерлерге ЭЦҚ қажет,-деп хабарлайды newsroom.kz

Алматы әкімдігі мен Отбасы банкінің («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) бірлескен жобасына 18 жастан бастап 34 жасқа дейінгі (қоса алғанда) алматылықтар қатыса алады. Бұл ретте жұбайының жасы ескерілмейді. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. 
Өтініштер Алматы қаласындағы мемлекеттік республикалық және қалалық ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтардың келесі санаттарынан қабылданады: 
- дәрігерлер мен медбикелер;
- мұғалімдер мен тәрбиешілер;
-әртістер, жазушылар, суретшілер, композиторлар, мәдениет саласының қызметкерлері;
- жаттықтырушылар мен спортшылар;
- университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері;
- журналистер мен БАҚ қызметкерлері (мемлекеттік және коммерциялық);
- әлеуметтік сала қызметкерлері; 
- құқық қорғау органдарының қызметкерлері (ҚР ІІМ, ТЖД, қалалық прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, Экономикалық тергеу департаменті) 
- қалалық коммуналдық қызмет мамандары;
- "Жұмыс істейтін жастар" бағдарламасының жалға алушылары (2019 жылғы желтоқсан).

«Алматы жастары» бағдарламасының қатысушыларына қойылатын талаптар:
1. Өтініш берушіде және оның отбасы мүшелерінде Алматы қаласында тұрақты тіркеуі болуы тиіс (өтінім беру кезінде);
2. Қатысушының жасы (жұбайы/зайыбының жасына қарамастан) өтінім беру кезінде 35 жасқа дейін болуы керек. Бағдарламаға қатысуға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана құқылы;
3. Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жыл ішінде меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сондай-ақ тұрғын үй жағдайларын нашарлату фактілерінің болмауы (бағдарламаға қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің жекешелендіру немесе мұрагерлік құқығы нәтижесінде кәмелетке толғанға дейін алған жылжымайтын мүліктегі үлесін қоспағанда); 
4. «Алматы жастары» қатысушыларының ресми жұмыс өтілі соңғы 6 айдан кем болмауы тиіс. Оны міндетті зейнетақы аударымдарымен растау қажет. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған мүсіншілер, суретшілер, дизайнерлер және т.б. мәдениет саласының қатысушылары үшін, яғни жеке кәсіпкерлер үшін еңбек өтілі кемінде 1 жыл болуы керек;  
5. Отбасы банкіндегі депозитте 10% көлеміндегі бастапқы жарнаның болуы;
6. Барлық тұру кезеңі бойынша жалдау ақысы және коммуналдық қызметтер төлемдері бойынша берешектің болмауы («Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасына қатысушылар үшін).
Биылғы жылы «Алматы жастары» бағдарламасына өзгерістер енгізілгеніне назар аударамыз. Олар тіркеуге және қатысушылардың жасына қатысты. Енді өтінім берушіде және оның отбасы мүшелерінде Алматы қаласында тұрақты тіркеу болуы керек (өтініш берген кезде). Сондай-ақ өтініш берген кезде қатысушының жасы 34 жастан аспауы керек.

- «Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылы басталған болатын. Қазіргі таңда қаланың жас тұрғындары арасында өте танымал. Осы уақыт аралығында 4 570 жас қоныс тойын тойлады. Статистикаға сай, білім беру және денсаулық сақтау салаларының мамандары аталмыш бағдарлама бойынша ең көп несие алған. Қарыз алушылардың орташа жасы - 29 жас. Биыл бағдарламаны жүзеге асыруға 25 млрд теңге бөлінді, оның 22 млрд теңгесі қалалық бюджеттен, 3 млрд теңгесі Отбасы банкінен. Бұл қаражат 1200 алматылық тұрғынның баспана мәселесін шешуге мүмкіндік береді», –деп түсіндірді «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
www.almaty-zhastary2024.kz сайтында өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасы үміткерлердің жиналған ұпайлары бойынша қатысушыларды іріктейді. Ұпай санына некеге тұрған жылдары, балаларының болуы, кәсібі бойынша үздіксіз еңбек өтілінің ұзақтығы, халықтың әлеуметтік осал топтарына жатуы сияқты факторлар әсер ететін болады.
Үміткер тізімі құрылғаннан кейін олардың барлығы төлем қабілеттілігін растау үшін Отбасы банкіне жолдама алады. Заем алу туралы оң шешім шыққан күннен бастап қатысушыға баспана іздеуге 45 күнтізбелік күн береді. Пәтерді Алматы қаласындағы алғашқы немесе екінші нарықтардан, сондай-ақ пайдалануға берілген/салынып жатқан «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігі бар нысандардан сатып алуға болады.
Отбасы банк тұрғын үйін сатып алуға 18 млн теңгеге дейін заем береді (егер мүліктің құны 18 млн теңгеден жоғары болса, онда айырмашылықты қатысушы өз қаражаты есебінен төлей алады). Алғашқы жарна кемінде 10% болуы керек. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 5% (ЖТСМ 5,2% бастап 5,7% дейін). 

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.