Аймақтар

Түркістан мен Қытай кәсіпкерлері жаңа жобалар бастайды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған ресми және іскерлік делегациясының сапары аясында Қытайдың Сиань қаласында Бас консулдықтың қолдауымен бауырлас қалалалардың кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті. Бизнес-форумда екі елдің 80-нен астам кәсіпорын өкілі арасында B2B форматында екіжақты кездесулер өткізді,- деп хабарлайды newsroom.kz

Бизнес-делегациясының құрамында білім, денсаулық сақтау, IT, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, білім беру салаларының өкілдері болды. Бетпе-бет жүздесіп, бизнес бастауға арнайы жиналған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Дархан Амангелдіұлы әр бизнес бастаушымен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Сауда қатынастарын орнатып, инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді. Тек экономиканы дамытуға ғана емес, мәдениет, туризм, білім саласын дамыту тетіктерінің қарастырылатынын айтты.

– Көріп отырғандарыңыздай, біздің өңірдің ынтымақтастық алаңы кең! Біз екі өңір арасындағы өзара байланысты арттыруға бағытталған маңызды жобаларды іске асыруға ниеттіміз. Мемлекет тарапынан инвесторларға преференциялардың ауқымды түрлері ұсынылады. Баршаңызды киелі Түркістан өңіріне шақырамын, – деді облыс әкімі.

Бизнес-форумда екі елдің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Екіжақты кездесу қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды. Бірлескен жобалар арасында ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға ыңғайлы дрондар шығару, халықаралық мектеп салу, IT, құрылыс, ми ауруын емдейтін аурухана ашу, құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу, цифрландыру арқылы ауылшаруашылық дақылдарын өсіру, травертин өндіру туралы келісімге келіп, меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ өңір басшысы инвесторлармен кездесіп, бірлескен жобалар бойынша маңызды келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, Мяньян қалалық партия комитетінің тұрақты комитетінің мүшесі және вице-мэрі Ву Хао бастаған делегациямен жүздесіп, екіжақты келіссөздер жүргізді. Сонымен бірге құрылыс материалдарын өндіру зауытын салу туралы, ауылшаруашылығы саласын, медицина, білім, туризмді дамыту бойынша бірқатар келіссөздер жүргізді. Түркістан облысында жаңа көкөніс қоймасын салу жөнінде де келіссөздер өтті.

Кездесу соңында аймақ басшысы әкімдік тарапынан өзара тиімді байланыстардың маңыздылығын растай отырып, одан әрі бірлесіп жұмыс жасауға, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірдi.

Аталған шаралар екіжақтық достық қарым-қатынастардың одан әрі өрбуіне жол ашпақ. Қытайға сапар күндері Түркістан облысының делегациясы бірнеше өндіріс орындарында болуды және басқа да іс-шараларға қатысуды жоспарлап отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі