Қазақстан орта мемлекеттер қатарына кіре ме?

Орта державалардың  сыртқы саясаты таразы басын тең ұстаумен ерекшеленеді.

Фото: ru.freepik.com

Жуырда ғана «Euronews»  басылымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарық көрген болатын, - деп хабарлайды newsroom.kz

Онда ол Қазақстанның әрқашан көпжақтылықты ұстанғанын және халықаралық диалог пен бірлескен іс-қимыл үшін жаңа платформаларды үнемі іздестіретінін айтып өтті. Осыған орай, біз де арнайы сарапшы мамандардың пікірін білген едік.

– Менің ойымша, орта держава дегеніміз – ядролық қаруы жоқ, бірақ нақты бір өңірде беделі зор, абыройы жоғары мемлекет. Айталық, Сингапур өз аймағында өте беделді ел. Айналасында Тайланд, Малайзия, Индонезия, Вьетнам тәрізді мемлекеттер бар. Олардың барлығы жер көлемі Сингапурдан үлкен, алайда экономика жағынан Сингапурдың бәсі жоғары. Сондықтан айналасындағы мемлекеттер Сингапурдың ішкі-сыртқы саясатына, экономикасына назар аударып отырады. Осы елдің ұстанымымен санасады. Сол сияқты Орталық Америкада Мексика бар. Бұл ел Солтүстік және Оңтүстік Американы қоспай, сол өңірді ғана есепке алсақ, аймақта  көшбасшы болып отыр. Сальвадор, Коста-Рика, Куба, Панама, Ямайка сияқты елдер Мексикамен санасады. Сол сияқты Қазақстан – Орталық Азияда ең беделді мемлекет. Қазақстанның беделді болуына бірнеше фактор әсер етеді. Ең алдымен жер көлемінің үлкендігі тұр. Әлемдегі екі супердержавамен шекараласуы, Президентіміздің белсенді сыртқы саясат жүргізуі өз әсерін тигізіп жатыр деп ойлаймын. Әу бастан солай еді., - дейді Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Самат Нұртаза.

Расымен де, спикер сөзінің жаны бар. Себебі, Орталық Азия елдерінің ішінде сыртқы қарым-қатынаста ең белсенді болғаны және әлі де сол позициясын сақтап  қалған  мемлекет – Қазақстан. Біздің ел  көптеген ұйымның құрылуында бастамашыл топтың  қатарында болды.

– Біз түрлі платформаны, диалог алаңдарын ұсындық. Белсендіміз. Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатта көпжақты қарым-қатынасқа назар аударып келеді. Президенттің түрлі халықаралық жиынға қатысуы, шетелдерге сапары Қазақстанға қатысты оң көзқарасты қалыптастырады. Демократиялық процестері тереңдеген,  жаңалыққа құмар,  экономикасы дамып жатқан ел ретінде бағалайды. Middle powers ұғымын  әдетте сарапшылар жиі талқылайтындықтан, Президенттің әр мәлімдемесі, пікірі, айтқан дерегі ескеріледі. Инвестициялық климаты жақсы, либералды құндылықтарға оң көзқарас қалыптасқан,  өлім жазасын түбегейлі алып тастаған,  президенттің қызмет ету мерзімі бір ретпен шектелген ел деп таниды. Оған айналадағы қақтығыстарды реттеуге деген ұмтылысымызды қосыңыз. Ауғанстанды тұрақтандыру,  Әзербайжан мен Армения арасындағы шиеленісті шешу, Сириядағы күштерге диалог алаңын ұсыну тәрізді бастамаларымыз әлбетте назардан тыс қалмайды. Орталық Азия елдерінің халықаралық мәселелерде бір позицияда болу бастамасын да Қазақстан көтерді әрі көршілер осы ұсынысқа келісті. Іс жүзінде аймақта көшбасшы дәрежесіне жеттік. Сондықтан сарапшылар бізді орта державалардың қатарына қосып отыр. Меніңше, біз оған лайықпыз. Ал супердержавалар деп көп жағдайда ядролық қаруы бар елдер аталып жүр, - дейді С.Нұртаза.

Ал, бұл бағытта басқа сарапшылар не ойлайды екен?

– Әлемдік сахнада қандай да бір мемлекеттің статусы немесе рөлі жөніндегі түсініктің маңызы зор болады. Дегенмен «шағын», «орта» немесе «ірі» держава ұғымдарының  арасындағы айырмашылықты сипаттайтын нақты ғылыми пайым жоқ.

Халықаралық  қатынастардағы көпшілік қабылдаған  көзқарастар  қандай да бір мемлекетті белгілі бір санатқа енгізуге мүмкіндік береді. Сөйте тұра, технологиялық  прогресс пен заманауи  экономиканың  қарқынды дамуы  мемлекеттерді санатқа бөлудің өзін шарттылыққа айналдыра бастады.

Сонғы он шақты  жылда ірі державалар  қатарына кірмегенмен, Оңтүстік Корея, Түркия, Израиль, Индонезия қатарлы мемлекеттер халықаралық сахнада  маңызды, тіпті  кейде шешуші рөл ойнай бастады, - дейді Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі Айдар Құрмашев.

Шынымен де солай ғой. Бүгінде ғалымдар мемлекеттердің  шағын,  орташа және ірі екенін анықтайтын санаттар тобының критерийлеріне қатысты түрлі теория ұсынып жүр. Бұл теорияларға сәйкес көрсеткіштер елдердің сыртқы әсерлерге төтеп беруінен, халықаралық  жағдайға ықпал етуінен, сөйте тұра өзінің  ұлттық мүдделерін қорғауы мен ілгерілетуінен көрініс табатынын атап өткен жөн.

– Зерттеушілер бірінші кезекте орташа державалардың аймақ дамуына әсер етуге қажет жеткілікті мөлшерде экономикалық және әскери әлеуетке ие екенін атайды. Олар біршама экономикалық автономияға  ие және өз ресурстарын, инвестициялық саясаты мен  сауда-саттықты стратегиялық тұрғыда қолдану арқылы халықаралық трендтерге  ықпал етуге қауқарлы келеді. Орта державалар экономикалық интеграция және кооперация идеясын жүргізу арқылы аймақтық блоктар мен халықаралық сауда келісімдерінде шешуші  рөл ойнайды.  Олар халықаралық институттар жұмысына  белсене қатысып,  сол институттарды басқара жүріп, тұрақты даму мен халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ықпал ету бойынша күн тәртібін ұсынады. Әдетте мұндай мемлекеттер  халықаралық шиеленістер кезінде диалог үшін платформа ұсынып, дау-дамайды бейбіт  жолмен шешуге ықпал ететін  ара ағайын рөлін жиі атқарады, - дейді А.Құрмашев.

Бір сөзбен айтқанда,  орта державалардың  сыртқы саясаты әдетте  таразы басын тең ұстаумен, халықаралық мәселелерді шешуге конструктивті ұстанымымен ерекшеленеді. Бұл елдер өз аймақтарында халықаралық  қатынастарда тұрақтандырушы элемент ретінде әрекет етіп, серіктестік байланыстарды сақтауға ұмтылады.

– Қазақстанды  орта держава ретінде  танытып отырған шешуші параметр ретінде экономикалық өсім көрсеткіші, сыртқы саясаттағы белсенділігі, сонымен қатар қауіпсіздік негіздерін  нығайтуы деп білемін. Экономикалық өсімді талдайтын болсақ, Дүниежүзілік банктің  2022 жылғы деректері бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі сатып алу қабілеті партитеті бойынша 11 492 долларға жетті. Әлемде бұл көрсеткіш орташа алғанда 12 684 доллар болды. Ал Қазақстанның жалпы ұлттық өнімі 2022 жылы 215 млрд 975 млн доллар болды.

Қазақстанның  ішкі саясаты да орта державалар үшін маңызды аспект болып саналатын тұрақты дамуға ұмтылыспен ерекшеленеді. Ел басшылығы мемлекет басқаруда, сайлау процесінде, сот-құқық жүйесінде және азаматтық қоғамда жүйелік реформа жүргізіп жатыр. Бұл өз кезегінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық және саяси орта қалыптастырады, - дейді сарапшы.

Сөз басындағы сыртқы саясатқа оралсақ, Қазақстан  орта мемлекеттер қатарына кіруге қажет  барлық сипатқа  ие. Халықаралық қауымдастықта сенімді серіктес бола отырып,  Қазақстан өз көршілерімен байланыс теңгерімін сақтап, бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға атсалысып келеді. Біздің ел қақтығысып жатқан мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау  саясатын  ұстанады, сондықтан  халықаралық дауларды  шешуде әділ болуға ұмтылады.

Сонымен қатар, еліміз  халықаралық бітімгерлік  миссиялар мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған аймақтық  бастамаларға белсене қатысады. 2024 жылы Қазақстан әскерилері БҰҰ-ның Таяу Шығыс пен Судандағы миссияларына қатысты. Еліміз сонымен қатар халық­аралық терроризммен, экстремизммен және ұйымдасқан қылмыспен күресуге де өз үлесін қосып келеді. Бұл бағыттағы нәтижелі жұмыстар ұлттық қана емес, аймақтық қауіпсіздікті де нығайта түседі. Міне, біз пікірлескен сарапшылардың пайымы осындай.

Жүктелуде...