Жаңалықтар

Түркістан облысында қырманға орақ түсті

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді. Оның ішінде жаздық дақылдар – 497 мың гектар, күздік егіс – 202 мың гектар, ескі жоңышқа 175 мың гектарға егілген,-деп хабарлайды  newsroom.kz

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына барып, осы саладағы жұмыстарды бақылады. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің егіс алқабын аралап, бидай ору барысын көрді, шаруалармен, сала басшыларымен пікір алмасты.

Егістік басында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың есептері мен баяндамалары тыңдалды. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің басшысы Ержан Көбеев биылғы жұмыстары туралы айтып берді. 483 гектар жердің 350 гектарына бидай егілсе, қалғанына өзге өсімдіктер егілген. 4 адам тұрақты жұмыспен, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.

Облыс Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы саласы екенін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа тәсілдерді қолдану, егістікті әртараптандыру, жұмысты жүйелеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелері бойынша ой қозғап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 29,7 мың тонна жеңілдетілген жанар- жағармай бөлінген. Бүгінгі күнге 12,6 мың тонна дизель отыны тауар өндірушілерге босатылды. Сондай-ақ жиын терім жұмыстарына 23,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, босату жұмыстары 1 аптада басталады.