Полиция түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 140-тан астам жасөспірімді анықтады

Кәмелетке толмағандардың заңмен белгіленген уақыттан кейін ойынханаларда болуының 14 жайтын анықтады

Фото: Түркістан облысының Полиция департаменті

Облыста жүргізіліп жатқан "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері алғашқы тәулікте 200-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады,- деп хабарлайды newsroom.kz

Жұмыс барысында полицейлер балаларды тәрбиелеу жөніндегі талаптарды тиісінше орындамағаны үшін 15 жасөспірімнің ата-анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына жол берудің 8 фактісі анықталды. Ал жасөспірімдерге темекі, алкоголь өнімдерін сатқаны үшін сауда орындарының 2 сатушысы жауапқа тартылды.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары кәмелетке толмағандардың заңмен белгіленген уақыттан кейін ойынханаларда болуының 14 жайтын анықтады. Заңды өкілдерінің еріп-жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болған 148 жасөспірімді тіркеді.

Ішкі істер органдарына құқық бұзушылық жасауға бейім 13 кәмелетке толмаған мен 9 қолайсыз отбасы профилактикалық есепке қойылды.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасында жазғы демалыс кезінде суда жүзудегі құқық бұзушылықтар мен қауіпсіз мінез-құлықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Өз кезегінде полицейлер ата-аналарды балаларының мінез-құлқы мен тәрбиесін қадағалауға, олардың түнгі сағат 22:00-ден кейін үйден тыс жерде немесе ойын-сауық орындарында заңды өкілдерінсіз жүруін қамтамасыз етуге шақырады.

Жүктелуде...