Қылмыс

"Қорлап, үйден күштеп шығарған": Шымкент экс-әкімінің ағасы 5 тәулікке қамалды

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шымкенттің бұрынғы әкімінің ағасына қатысты іс қаралды. Сот шешімімен ол 5 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Жоғарғы сот Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап. 

Жоғарғы сот ақпаратынша, құқықбұзушы үйдегі отбасылық жанжал кезінде бұрынғы жұбайының абыройы мен қадір-қасиетін қорлап, оның атына дөрекі сөйлеген. Осылайша оған құрмет көрсетпей, басқа адамдардың тыныштығын бұзған. Сот отырысында құқықбұзушы өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол бұрынғы жұбайы оның өтініші бойынша балаларын беруден бас тартып, олардың қолдарынан ұстап жібермегенін түсіндірді. Ол балаларды әкету үшін еденде отырған әйелдің аяқтарынан тартқан. Құқықбұзушы әдепсіз сөз айтпағанын, оны ұрмағанын атап өтті. Жәбірленушінің айтуынша, бұрынғы күйеуі оны көшіру кезінде заңсыз жүріп, оған шабуыл жасап, денесіне зақым келтірген. Жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, бейнежазбамен, жәбірленушінің түсіндірмелерімен расталады. ӘҚБтК 73-бабы 1-бөлігінің санкциясы ескертуді немесе 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды көздейді. Жоғарыда келтірілген мән-жайларды, сондай-ақ жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып, құқықбұзушы кінәлі деп танылды. Оған 5 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.