Тігіншілік – тот баспас өнер

Бұл салада біліктілікті көтермеске болмайды.

Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Жалқау адам жұмыс жасамаудың жүз бір жолын біледі. Ол «мемлекетке масыл боламын-ау» деп қайғырмайды да. Ал, шын мәнінде бұл – үлкен адасушылық, – деп хабарлайды newsroom.kz

Сенбесеңіз, небәрі 23 жастағы ақтаулық тігінші Айзада Ибатолла (суретте) жұмыссыздық қамытынан қалай құтылғанын баяндап берген болатын...

Бүгінде қаршадай қыздың қоылнан шыққан өнімдерге сұраныс өте жоғары. Ол бес жылдан бері осы кәсіптен нәсіп көріп жүр. Айтуынша, қарапайым еңбек адамына сұраныс ешқашан төмендемейді.

Айзада тігінші болуды жетінші сыныпта оқып жүргенде-ақ армандапты. Анасы әртүрлі мата бөлшектерінен әдемі көйлек тігіп бергені әлі есінде. Сол кезден бастап қалайда тігінші боламын деп шешкен.

«Мен бала кезімде ғарышкер, кейін мұғалім болуды армандадым. Уақыт өте келе екеуіне де қызығушылығым басылып қалды. Содан мектепте күзгі балға ерекше көйлек тігуім керек болды. Үйде мата болмады. Анам ескі көйлектерін берді. Сөйтіп, отбасымызбен бір көйлек тігіп шығардық. Мектепте бәрі таңқалып, мақтап жатты. Бұл менің тігінші мамандығын таңдауыма түрткі болды деп ойлаймын» дейді ол.

Тоғызыншы сыныптан кейін болашақ тігінші Ақтау сервис колледжіне оқуға түскенін айтады. Ал, екінші курста оқып жүргенде ательеге жұмысқа орналасып та үлгеріпті. Оның ең алғашқы тапсырмасы – қалыңдықтың той көйлегін тігу болған екен.

«Бұл мен үшін өте қызықты, әрі жауапты міндет болды. Өйткені, қалыңдық – тойдағы ең басты кейіпкер. Оның көйлегі келген қонақтардың есінде мәңгіге қалады. Бірақ, қаншалықты жауапты жұмыстарды орындаған сайын тәжірибем де арта түсті. Адамдармен қалай тілдесуді үйреніп, нақты не қалайтынын түсіне бастадым» дейді Айзада.

Ол мамандық таңдауда қателеспегенін айтады. Оның үстіне, тігіншілердің жұмысына сұрпныс та өте жоғары екен. Сәйкесінше, табысы да көп.  Айзаданың айлық жалақысы 190-240 мың теңге аралығында. Бірақ, бәрі тапсырысқа байланысты.

«Мен жаңа дизайн ойлап тапқанды жақсы көремін. Күн сайын ізденуден тынбаймын. Шебер тек ізденіс үстінде ғана өседі, дамиды. Ательеде ауысыммен жұмыс жасаймын. Екі күн еңбек етіп, екі күн демаламын. Жұмыс кестесі өзіме өте ыңғайлы. Достарыммен араласуға да, үйегілерге көмектесуге де үлгеремін. Тігіншілерге арасында демалып алған артық етпейді. Бір жерде ұзақ отырып қалуға болмайды. Себебі, көздің көру мүмкіндігі нашарлауы мүмкін. Сосын белге де зиян тиюі мүмкін. Сондай-ақ, абайламаса болмайды, оп-оңай жарақат алуға болады» дейді шебер.

Мұнда ең бастысы – тапсырысты тез орындау екен. Екінші жағынан, киімді асығыс тігуге тағы болмайды. Қайтпек керек?

«Бірде мата жарамсыз күйге түсіп, тапсырысты кешіктіруге сәл қалған кездер де болды. Ондайда түнімен жұмыс жасауға тура келетін. Тіпті, демалыс дегенді ұмытатын да жағдайлар болады. Мен жазғы киімдерді 5-6 сағатта тігіп бітіремін. Ал, қысқы киім-кешекке 11 сағат жұмсаймын. Алда жоғары білім алуды жоспарлап отырмын. Білікті модельер немесе дизайнер болғым келеді. Бұл салада біліктілікті көтермеске болмайды. Қалай десек те, сән – сәт сайын өзгеріп, құбылып тұратын нәрсе» дейді жас тігінші.

Жүктелуде...