Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін тестілеуді онлайн өткізу мүмкіндігі енгізілмек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев елімізде жүргізуші куәлігін алуға тест тапсырудағы ұзын- сонар кезек мәселесін қалай шешуді жоспарлап отырғанын айтты,-деп хабарлайды newsroom.kz
Мәжіліс отырысында Жаслан Мәдиев Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға бағытталған тестті онлайн тапсыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
"Жүйелік шараларға келсек: бүгінгі таңда біз прокторингті арқылы тестілеуді онлайн қылу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Мұндай механизмдер дамыған елдерде – АҚШ, Ұлыбритания, Австралияда қолданылады, сондықтан ол өте мұқият зерттелуі керек. Қазір тек теорияға қатысты айтып жатырмын. Ал іске асыру тәжірибесіне келсек: бүгінде біз IT-компаниялармен бірге тестілеуден өту процесін бекітіп отыратын компьютерлік алгоритмдерді енгізу мүмкіндерін қарастырып жатырмыз. Яғни құрал-жабдықтардың, датчиктердің құнын төмендетуге көмектеседі, ал азаматтар туыстарының қарауында өз көліктерін тізгіндей алады, әрине. Осындай шараларды қарастырамыз", - деді министр.