Созақта «Ауыл аманаты» арқылы 210 несие жеңілдетілген

Бағдарлама бойынша 6 млн. теңгеге несие алынып, жаңа жылыжай іске қосылуда.

Фото: Instagram turkistan_oblysy скриншот

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі барлық өңірлердегі ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Созақ ауданына арнайы баспасөз турына барған журналистер өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы кәсібін өркендетіп отырған азаматтардың шаруашылығымен танысты деп хабарлайды newsroom.kz

Өткен жылы аталған бағдарламаға қатысуға аудан бойынша 277 тұрғын жобасын ұсынып, 210 жобаға 1 млрд. 168 млн. 610 мың теңге несие берілген.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған созақтықтар арасында Құрманбек Маюсов та бар. Жартытөбе ауылының тұрғыны жоба құны 5 миллион теңгені құрайтын термопанель өндірісін қолға алған. Қазіргі уақытта алғашқы тапсырыстарын алып үлгерген кәсіпкер 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ, Қызылкөл ауылының тұрғыны Бақытхан Ердешұлы да жоба көмегімен тігін шеберханасын ашқан. Ол 7 300 000 теңге көлемінде несие алып, тігін цехын ашқан. Бүгінде цех ауылда ғана емес, аудан көлемінде тапсырыс қабылдап келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да көздеп отыр. Бұдан бөлек, Жартытөбе елді мекенінің тұрғыны Жамал Балакүл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосуда. Үйіргелік диқандықты қолға алған кәсіп иесі қазіргі таңда 1 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп, жылына екі рет өнім алуды жоспарлап отыр.
 

Жүктелуде...