Өткен аптадағы ел спортшыларының жарқын жеңісі

Абу-Дабиде өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күнінде ұлттық құрама спортшысы Әбиба Әбужақынова қола жүлдегер атанды

Фото: Туризм және Спорт

Велотрек: Қазақстан құрамасы велотректен Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болды. Бұл лицензия жеке спортшыға емес, федерацияға беріледі. Қазақстан атынан Парижге баратын спортшы кейрин және спринт дисциплинасында бақ сынай алады,-деп хабарлайды newsroom.kz

Жеңіл атлетика: АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен USATF Los Angeles Grand Prix жарысында ұлттық құрама спортшысы Нора Джеруто 3-орын алып, Олимпиада нормативін орындады.

Спорттық гимнастика: Ташкентте (Өзбекстан) өтіп жатқан лицензиялық Азия чемпионатында Милад Карими үш жүлде (бір алтын, екі күміс) жеңіп алса, Нариман Құрбанов ат снарядындағы жаттығуда алтыннан алқа тақты.

Пара дзюдо: Грузияның Тбилиси қаласындағы пара дзюдодан дәстүрлі Grand Prix бәсекесінде Даяна Федосова 57 кг салмақта (J2 санатында) жеңімпаз атанды.

Велоспорт: Польшада өткен Orlen Nations Grand Prix халықаралық турнирінде 21 жастағы Илхан Достиев шешуші 5-кезеңде топ жарды.

Таэквондо: Вьетнамның Дананг қаласында өтіп жатқан таэквондодан 26-шы Азия чемпионатында Мария Севостьянова 57 кг салмақта күміс жүлдеге ие болды.

Әуесқой бокс: Елордада ұйымдастырылған III Elorda Cup турнирінде Қазақстан құрамасының боксшылары 9 алтын, 8 күміс, 14 қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздік шықты.

Семсерлесу: Францияның Сен-Мор қаласында аяқталған семсерлесуден Әлем кубогі кезеңінде Қазақстан ерлер құрамасы 3-орын алды. Қола медаль үшін айқаста біздің команда Израильден басым түсті – 45-29.

Дзюдо: Абу-Дабиде өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатының алғашқы күнінде ұлттық құрама спортшысы Әбиба Әбужақынова қола жүлдегер атанды. Ол жүлде жолында түрік палуаны Тугче Бедерден басым түсті.

Индорхоккей: Чонбури қаласында (Таиланд) аяқталған индорхоккейден әйелдер арасындағы Азия кубогінде Қазақстан құрамасы екінші орын алды. Жерлестеріміз финалда Таиланд құрамасына 2:6 есебімен жол берді.

Теннис: Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Анна Данилина Парма қаласындағы (Италия) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды.

Сокка: Молдова астанасы Кишинёв қаласында өткен соккадан халықаралық Socca EuroCup-2024 турнирінде Қазақстан құрамасы чемпион атанды. Ел құрамасы финалда Хорватияны 3:0 есебімен тізе бүктірді.

Жүктелуде...