Қаржы

«Атамекен» ҰКП мен ҚМА бизнесті қорғау шаралары туралы келісімге келді

"Атамекен" ҰКП Төралқа төрағасы Райымбек Баталов Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) басшысы Дмитрий Малаховпен кездесу өткізді. Тараптар Ұлттық палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша қабылдап жатқан шараларын, сондай-ақ бизнесті негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғау мәселелерін талқылады,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы atameken.kz-ке сілтеме жасап.

Райымбек Баталов ҚМА басшысына адал кәсіпкерлерді қылмыстық қудалау орбитасына тартуға жол бермеу бойынша жүйелі жұмысы үшін алғыс білдірді.

«Атамекен» ҰКП «Бизнесті қорғау» жобасын сәтті жүзеге асыруда. Басты мақсат – кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу және қызметтеріңізге деген сенім деңгейін арттыру. Шағымдарды қарау үшін бірлескен жұмыс тобы құрылып, өңірлік палаталардың алаңдарында кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, оң пікірлер алынды. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты тіркелген істердің саны 2 есеге азайды. Әрине, бұл көрсеткіштер бизнес қауымына жағымды әсер етеді», - деді Райымбек Баталов.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП басшысы бірнеше өзекті мәселелерді де қозғады. Атап айтқанда, қылмыстық іс жүргізу шеңберінде мүлікке билік етуге, мәмілелер мен басқа да операцияларға шектеу қою жайында сөз қозғалды. Осылайша, залалды өтеу үшін жеке кәсіпорынның ғана емес, оның контрагенттерінің де барлық мүлкі мен шоттарына тыйым салынады.

«Бұл компаниялардың жұмысын тоқтатып, жеткізушілерге төлем жасауға, қаржылық және салықтық міндеттемелерді орындауға кедергі келтіреді. Ақшаны тек шығын көлемінің шегінде, яғни бизнес қалыпты жұмыс істей беруі үшін ғана тәркілеу керек», - деп атап өтті Райымбек Баталов.

Ұлттық палата басшысы бұған дейін ҚР Президентінің тапсырмалары аясында кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске салды. «Атамекен» ҰКП бұл үдеріске белсене қатысып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға қатысты бастамаларды көтерді.

Осылайша, Қылмыстық-процестік кодекске қабылданған түзетулер кәсіпкерлікті қылмыстық процеске тартпай, есептелген салықты толық өтегеннен кейін қылмыстық іс қозғауды алып тастайды.

Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр Бижанова ҚМА-не  ұсыныс жасады.

«Біз «естуші мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, келіп түскен шағымдарды бірлесіп қарау тәжірибесін жаңғыртуды ұсынамыз. Сонымен қатар, біздің бастамаларымызды қолдағаны үшін Агенттікке алғыс айтамыз. Мәселен, кәсіпкердің ақшаны үнемдеу нәтижесінде пайда тауып, орындалған жұмыс сапасына теріс әсер етпеген жағдайда сотқа дейінгі өндіріс басталмайды. Қылмыстық Кодекстің 219, 241, және 246-баптары әкімшілік жауапкершілікке ауыстырылды. Контрабанда және кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда ғана қылмыстық жауапкершілік болады. Қылмыстық кодекстің 6 тармағы бойынша бас бостандығынан айырудың орнына қаржылық жазалар кеңейтілуде», - деп мәлімдеді Гүлнәр Бижанова.

Дегенмен, оның айтуынша, ұйымдасқан қылмысқа қатысты ережелерді коммерциялық ұйымдарға қолдану үрдісі жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малахов өз сөзінде жақында Мемлекет басшысы қол қойған «экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа назар аударып, ҚММ өңірлік департаменттерінің басшыларына реформаның сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу, шағымдану рәсімі кезінде, сондай-ақ есептелген салық сомаларын толық ерікті түрде өтеу кезінде мемлекеттік органның немесе соттың шешімі күшіне енгенге дейін қылмыстық істерді тіркеу», - деді Д. Малахов

Кездесу соңында «Атамекен» ҰКП мен Қаржылық мониторингі агенттігі арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.