Ақтөбедегі Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатында есінен танып, жедел жәрдем көлігінде қайтыс болған оқушының туыстары әлеуметтік желіде шындықты айтты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы el.kz-ке сілтеме жасап.
Олар баланың адам қолынан қаза болғанына сенімді.
Менің інім Бексұлтан Әбубәкірді орта мектеп оқушылары өлгенше ұрып-соққан. 11 сәуірде кешкі уақытта бөлме жиналмағаны үшін әлімжеттік жасалған. Төбелес кезінде Бексұлтанды алдымен 9-сынып оқушылары ұрып-соқты, ол олардан 5 соққы алды. Содан кейін 10-сынып оқушысы оны бетіне екі рет, кеудесіне бірнеше рет соққы жасады. Қатты соққыдан ол еденге құлап, есінен танып қалды. Бексұлтан ұрып-соғудан қайтыс болды, - дейді өзін марқұмның ағасы ретінде таныстырған жазба авторы.
Ақтөбе облысының полиция департаменті соталды тергеу кезінде күдіктінің ұсталғанын растады.