Жаңалықтар

Мәскеудегі қазақтар Әлихан Бөкейханның рухына Құран бағыштады

Ресейдегі қазақтар Әлихан Бөкейханның рухына туған күніне орай Құран бағыштады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы 24kz-ке сілтеме жасап.

Ұлт көсемі - Әлихан Бөкейханның Мәскеуде атылғаны белгілі. Деректер оның сүйегі өртеліп, күлі сондағы Дон зиратына көмілгенін меңзейді. Профессор Нұрым Бөкейханов – Әлиханның Әзіхан деген інісінің немересі. Атақты бабасының ізімен ғылым мен әдебиетті зерттейді. Сексеннің сеңгірінен шықса да университетте ұстаздық қызметін жалғастырып келеді, 15-ке жуық ғылыми еңбектің авторы. Сонымен қатар, Нұрым Бөкейханов Алаш көсемінің мұрасын сақтап, зерттеуді өзінің парызы деп санайды.

"Көп жылдар бойы Әлихан Бөкейхановтың туысы екенімді білмедім. Бірақ оның аты, рухы, атақ-даңқы менің өміріме зор ықпал етті. Әлихан атамыздай тарихи тұлғаның рухы тек маған немесе басқа туыстардың жеке өміріне ғана емес, біздің  бүкіл қоғамымызға ықпалы зор",- деді профессор Нұрым Бөкейханов.

Әлихан Бөкейханов өмірінің соңғы 15 жылын Ресей астанасында өткізді. Себебі билік оны Қазақстанға қайту құқығынан айырған. Мәскеуде Алаш көсемі ғылыми және әдеби зерттеулермен  айналысты. Соңынан екі баласы қалды: Зейнеп – Елизавета және Үкітай – Сергей. Сергейдің ұлы Евгений мен немересі Петр Бөкейханов күні бүгінде Мәскеуде тұрады. Әлихан Бөкейхан ұрпақтарының барлығы дерлік ғылым, тарих және әдебиет саласында еңбек етеді. Десе де "ұлы қайраткер өмірінің мәскеулік кезеңі әлі де толық зерттелмеген", - дейді тарихшылар.

"Сонау ашаршылық кезінде арнайы комиссия құрып, мың-мыңдап қырылып жатқан қазақты аман алып қалуға күш салды. Қазақ ғылымын дамытты. Жас өреңдерді баулып, оқулық жазуға атсалысты. Сонымен қатар алғашқы тәуелсіз ұлттық басылым "Қазақ" газетінің шығуына зор үлесін қосқан азамат. Біз әрине Әлихан Бөкейхан жұмысының әрбір қырын әлі де зерттеп, салалық тұрғыдан бағамдап, өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек",- деді Алаштанушы Алма Сайлауқызы

Дон бейітінде Нығмет Нұрмақов, Нәзір Төреқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Жаханша Досмұхумедов сияқты алаш қайраткерлері жерленген.