Қазақстандық боксшы шетелде өткен турнирде қарсыласын ұтыпты
Бусто Арсицио қаласында (Италия) өтіп жатқан бокстан әлемдік лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан қарсыласын айқын басымдықпен жеңді,- деп хабарлайды Newsroom.kz
57 келі салмақта сынға түсетін Махмұд Сабырхан турнирдегі алғашқы жекпе-жегін Эфиопия өкілі Лета Фикремариам Ядесаға қарсы өткізді. Бұл бәсекеде төрешілердің шешімімен (5:0) қазақстандық боксшы жеңіске жетті. Енді Махмұд 8 наурызда 22 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Саравут Сукзетпен (Таиланд) жұдырықтасады. Айта кетейік, бүгін, 4 наурызда тағы бір қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай (80 кг) да шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы – гаитилік былғары қолғап шебері Седрик Белони-Дюльепре. Осыған дейін Сәкен Бибосынов лицензиялық турнирдегі алғашқы жекпе-жегін өткізген еді. Ол гонконгтық боксшы Каннет Чун Хим Танмен кездесіп, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға жіберу арқылы жеңіске жетті. Сондай-ақ бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Римма Волосенко да жарыстың бірінші айналымын сәтті өткізіп, келесі кезеңге өтті. Ол Тринидад және Тобаго елінің өкілі Тианна Гуимен кездесіп, төрешілердің шешімімен басым түскен еді.