Бәрекелді! Астанада 11 мектепке қазақ тұлғаларының есімі беріліпті
Астанадағы мектептерге белгілі қазақ тұлғаларының есімі берілді,- деп хабарлайды newsroom.kz.
Бұл туралы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп әлеуметтік желісінде бөлісті.
Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 2 ақпандағы № 511-315 қаулысына сәйкес елорданың 11 білім ордасына тарихи тұлғалардың есімі берілді. Осы қаулы арқылы:
№ 20 орта мектепке аты аңызға айналған мәдениет қайраткері, әйгілі актер, режиссер, КСРО халық әртісі Шәкен Аймановтың;
№ 24 орта мектепке көрнекті жазушы, драматург, аудармашы, публицист, қазақ әдебиетінің белді өкілі Жүсіпбек Аймауытұлының;
№ 27 мектеп-лицейге Халық қаһарманы, әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсеновтың;
№ 34 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, публицист, шығыстанушы, қазақтың алғашқы Конституциясының авторы Барлыбек Сырттанұлының;
№ 38 мектеп-лицейге Алаш қозғалысының белді өкілі, ғалым, математик Әлімхан Ермековтың;
№ 44 орта мектепке Халық қаһарманы, Рейхстагқа жеңіс туын тіккен батыр Рақымжан Қошқарбаевтың;
№ 59 мектеп-лицейге академик, биология ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ғылым академиясының корреспондент мүшесі Кәрім Мыңбаевтың;
№ 63 мектеп-гимназияға Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның;
№ 64 мектеп-лицейге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, ақын, аудармашы Сұлтанбек Қожанұлының;
№ 89 мектеп-лицейге көрнекті ақын, жырау, сатирик, ағартушы Дулат Бабатайұлының;
№ 94 мектеп-гимназияға әдебиетші-ғалым, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлының аты берілді.
Бұл қаулыға қол қойылғанға дейін аталған ұсыныс қалалық және республикалық ономастика комиссияларында, қоғамдық кеңес пен қалалық мәслихаттың отырыстарында қызу талқыланып, қолдау тапты.