Шоубиз

Қазақ жігіттің әні Мароккода хит болуда

Adam лақап атымен танымал қазақстандық әнші Фарух Тоқтамұратовтың "Жүрек" әні әлемдік топ-чарттарда алдыңғы орынды бермей келеді, - деп хабарлайды newsroom.kz.

Шетелдегі қазақстандық дипломаттардан келген видео бойынша бұл ән Марокколық таксистердің тыңдайтын сүйікті әніне айналған екен. Марокколық желі қолданушыларының жазуынша, "Жүрек" әні жергілікті радиодан күніне 5 рет жүретін көрінеді.

"Маған Мароккодағы досым бұл ән сол жақта хит екенін жазды. Радиодан күніне 5 рет жүргізеді екен. Ешқашан қазақстандық ән бұлай танымал болады деп ойламадым"- деп жазды ютуб желісінің қолданушысы.

Сырлы сезімнен сыр шерткен әннің ютубтағы қаралым саны 22 млн-нан асып кеткен. Ал, пікірде Вьетнам, Әзірбайжан, Марокко және тағы басқа өзге елдің азаматтары қазақ әнін сүйіп тыңдайтынын айтып, жылы лебіздерін қалдырған. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Shazam-ның топ-чартында Мароккода "Жүрек" әні 19-шы, ал әлем бойынша 12-ші орынды алды. Бұдан бөлек, Әзірбайжан, Ресей, Беларусь, Чехия, Польша, Германия, Румыния, Швеция, Болгария, Финляндия, Өзбекстан, Норвегия, Ұлыбритания елдерінде Shazam тізімінде алдыңғы орындарды бермей келеді. 

Ал, Украинада қазақ әні әлемнің барлық елдерінің әндерін жолда қалдырып, көш бастап келеді екен. Сондай-ақ, Spotify, Apple music, Топ-вк музыкалық платформаларында қазақша әннің рейтингі жоғары деп бағаланған. 

Аталмыш туындының орындаушысы Adam Фарух Тоқтамұратов 1993 жылы Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Меркі ауылында дүниеге келген. Өнер иесінің бұған дейінгі әндері де әлемдік платформаларда танымалдыққа ие болған. Атап айтсақ, "Давай не болей" әні 2021 жылдың қорытындысы бойынша Shazam тізімінде Қазақстанда топ-10-ға, Ресейде топ-20-ға кірген. 

Әнші жоғары білімін Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде инженер мамандығы бойынша бітірген.