“30 жылда тек екі-ақ заң мемлекеттік тілде жазылған”- Нұртөре Жүсіп

Нұртөре Жүсіп қазақ тілінің заң жобаларында қолданылу аясын айтты

Коллаж: newsroom.kz

ҚР парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы - Нұртөре Жүсіп “Уәде” бағдарламасында мемлекеттік тілде жазылған заңның аздығы туралы айтты,-деп хабарлайды newsroom.kz.

Айтуынша 30 жыл ішінде 2 заң ғана қазақ тілінде жазылыпты.

“30 жылда 2-ақ заң мемлекеттік тілде жазылған. Әкім Ысқақтың негіздеген “көші-қон” туралы ең үлкен заңы, сосын шағын ілеспе Фариза апамыз атсалысқан балаларға байланысты заң. Болды. Басқа барлық заң орысша жазылған. Заңды бұрын үкімет өзі жасайтын. Заң жобаларының барлығы Әділет министрлігінде тұжырымдалып, Парламентке ұсынылады. Сол кезде туған заң мәтіндерінің бәрі орысша пайда болады да ол қазақшаға аударылады. Ол практика қазірде жалғасып келеді. Үлкен мәселе бұл жерде аудармада. Мен алғаш келген кезде заң мәтіндерінің қазақшасын көргенде өрескел қателердә көрген едік. Тіпті біз Македониямен арадағы ратификацияда Сыртқы Істер министрлігіне мәлімдеме жасап, Бас Прокуратураға арнайы хат жолдап, ол Македонияға жолдап, 1 айдан кейін қазақ тіліндегі мәтінді дұрыстап қайтарған жағдай болды. Парламент тарихында мұндай жағдай бұған дейін болған жоқ”,- деді ол.

Нұртөре Жүсіп қазіп әріптестерімен бірге заң жобасын қазақ тілінде жазуды ұсынып жатқан көрінеді.

“Қазір біз әріптестерімізбен ақылдасып, жобалық офис құрдық. Бұған біздің сенаттың төрағасының орынбасары Жақып Асанов жетекшілік етеді. Заңды мемлекеттік тілде әзірлеу туралы екі-үш отырыс өткіздік.  Осыған байланысты мына Жаңа регламентте депутаттардың бастамашылығымен заң жобасын әзірлеу деген мүмкіндік бар. Таяуда үкіметтің осыған байланысты оң қорытындысын алдық”,- деді Нұртөре Жүсіп.

Жүктелуде...