Жаңа жылдық шараға 49 млн тг бөліп, әкім жұмыста болған қай облыс?

Жаңа жылда әкімі жұмыста болған қай облыс?

Коллаж: newsroom.kz

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында newsroom.kz порталы облыс әкімдіктері мен министрліктерге сұраухат жолдап, жаңа жылға жоспары мен шыршаға кеткен шығынды сұраған еді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында билік органдары мен халық арасындағы «алтын көпір» e-otinish.kz қосымшасы арқылы жолдаған сұраухатымызға Ақмола облысының әкімдігінің берген жауапты назарларыңызға ұсынамыз.

Ақмола облысы әкімі қызметкерлеріне мерекелік шара өтті ме деген сауалымызға: «мемлекеттік қызметшілерге өткен Жаңа жылды мерекелеуге қатысты іс-шаралар жүргізілуге тыйым салынбаған. Облыстық әкімдікте аппаратқа арналған мерекелік жиын өткізілмеген жоқ» - деген қазақшасы ерекше жауап алдық.

Сондай-ақ, сыйақы туралы сұрағанымызда «Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларын бекіту туралы 2001 жылғы 29 тамыз N 1127 Үкіметінің қаулысына сәйкес мемлекеттік қызметшілер жыл нәтижесі бойынша ынталандыру шараларымен қамтылды» - делінген ұзақ жауап жетті.

Бұрынғы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы әрі ішкі істер министрі болған Ақмола облысының генерал шені бар әкімі Марат Ахметжанов 2023 жылғы желтоқсан - 2024 жылғы қаңтар аралығында жұмыс орнында болыпты. Мерекелік күндері халыққа жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері оның ерекше бақылауында болыпты.

Біз сұратқан мәліметке сүйенсек, Ақмола облысы бойынша 18 397 аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін және 1 303 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар екен. Облыста аз қамтылған, жетім балалар қажетті мемлекеттік көмекті алатын көрінеді. Оның ішінде – тегін тамақтану, «Балаларға жол» акциялары, мектеп формасы. Қомақты көмекті жергілікті меценаттар да жасайды дейді.

2023 жылғы 23-24 желтоқсан күндері жылына бір келетін жаңа жыл мейрамында Ақмола облысында өткен мерекелік шараға облыстың барлық аудандары мен қалаларынан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, шығармашылық, спорттық конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары, сондай-ақ білім беру қажеттіліктері шектеулі балалар қатарынан 9-13 жастағы 200 жуық оқушы қатысыпты.

Сонымен қатар, облыстың 20 қала/аудан орталықтарында халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 2000 балаға арналған қала/аудан әкімдерінің қатысуымен жаңа жылдық шыршалар өтіпті.

Тәуелсіздік күнімен жағаласа жететін жаңа жылда облыс орталығында жергілікті бюджет есебінен Жаңа жылдық безендіруіне 49 млн теңге қаражат бөлініпті. Бұл сомаға Көкшетау қаласының толық безендіруі, 3 шырша, қаланың 10 шағын ауданында сырғанақтар және басқалар орнатылған дейді әкімдік жолдаған жауапта.

Келесі мақалада қай облыс пен министрлікті жазғанымызда қалар едіңіз, құрметті оқырман?

Жүктелуде...