Жаңалықтар

"Артында 4 баласы қалыпты" Алматыдағы жол апатынан мерт болғандар жер қойнына тапсырылды

Алматыдағы жол апатында автоус астында қалған жанұяның екі бірдей мүшесін ақтық сапарға шығарып салды. Ұстаздық қызмет атқаратын ерлі-зайыптылар мектептен жұмыстан келе жатып, осындай ауыр жағдайға тап болған көрінеді. Марқұмның жақындары кінәлілер қатаң жазасын алсын деп отыр, деп хабарлады Newsroom.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаевадан жақындары ауыр қайғыны басынан кешіп жатқандарына әлі толық сенбейді. Жұбайлардың артында төрт баласы қалыпты.

Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі. Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертең мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз?, - дейді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.

Ерлі-зайыпты оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Сөйтіп ойламаған жерден автобустың астына түсіп мерт болды.

"Қатты жылдамдықпен келді" деді ғой, қашқан адамдарды көрдім. Қашып құтылғандар бар. Құтыла алмай қалған ғой біздің балалар. Полиция қызметкерлері куәлігін алған да, тыныш отыра берген. ЖСН, басқасы бар, қазір дамыған кез ғой, бірден түнде хабарламай ма?!, - дейді туысы Абдулла Құрбанов.

Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.

Артында балалары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. "Неге мектептен қайтпайды" дейді. "Мамам қашан келеді?" деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емес, бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім, - деді туысы Сүйінбай Оңғарбеков.

Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді де талап етеді. Бірақ ол ұзаққа созылатын сыңайлы. Автопарктегілер бүгін бізге де жауап берген жоқ.

Айта кетейік, 22 желтоқсан күні Алматыда автобус жаяу жүргіншілерді қағып кетіп, бірнеше адам оқиға орнында қаза тапты. Алматы полиция департаменті мәліметінше, 22 желтоқсанда сағат 18:15-те №47 бағыттағы қоғамдық көліктің жолаушысы көлікті басқарған әйел жүргізушіні ұрған, жанжал салдарынан жүргізуші есінен танып қалған. Салдарнан автобус аялдама маңында тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан.