Қылмыс

"Ұлым Салтанатты әдейі өлтірмеді" Уәлихан Бишімбаев үндеу жасады

 Қуандық Бишімбаевтың әкесі Уәлихан Бишімбаев Нүкенованың ісіне қатысты тергеу құпиялығын алға тартып, ұлына қатысты іске манипуляция жасап жатқандардың барын айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы. 

Ертісбаев Live Youtube арнасында жарияланған видеосында Уәлихан Бишімбаев БАҚ өкілдеріне үндеу жасап, манипуляция жасамауын сұрады.

Бірінші кезекте Салтанат Нүкенованың отбасына қайғырып көңіл айтқан Бишімбаев 9 қарашадан бері осы іске қатысты ақпараттың бәрін оқып отыратынын айтты. 

"Журналист, блогерлердің барлық мақалаларын оқып, қарап отырамын. Конституцияға сәйкес, әрбір адамның сөз еркіндігіне құқығы бар, бірақ сонымен қатар тергеу құпиялығы да бар екенін ұмытпаған жөн. 201-бапқа сәйкес, бұл іс жариялануға жатпайды. Прокурордың берген ақпаратына байланысты ғана шығарылады. Құқық қорғау органдары жәбірленуші жақ та, жәбірлеуші тарап та бұл істі таратпауы керектігін ескертті.",- деп айтты ол.

Сондай-ақ, өз сөзінде Қайрат Нүкеновтың тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын айтты.

"Қайрат Нүкенов пен оның туыстарының тарапынан істі тергеуге үлкен қысым көрсетіліп жатыр. Бірінші тергеу күнінен бастап, істің қалай болғандығы жөнінде түрлі нұсқалар тарап кетті. Сондай-ақ әртүрлі интернет платформаларына, БАҚ-қа Қайрат Нүкенов сұхбат беріп, таратып жүр. Біз қоғамның назарын пайдалану арқылы ұлыма қатысты істі тиісті тергеу сараптамаларынсыз ауыр бапқа ауыстырып жіберді деп есептейміз. Мысалы, КТК арнасына сұхбат берген Қайрат Нүкенов туыстарымен бірге тергеу ісін қадағалайтынын әрі Бишімбаевтардың ІІМ, прокуратурада таныстары бар екенін ашық айтады. Осылайша ол тікелей эфирде тергеу сараптамасына қысым көрсететінін хабарлап тұр. Оның сөзін басқаша қабылдау мүмкін емес. Менің ұлым өзі істеген ісіне сәйкес қана жауапқа тартылуы керек."-,деді Бишімбаев.

Бишімбаев әке ретінде баласын уайымдайтынын, оның бұл істі әдейі істемегенін айтты.

"Әке ретінде қатты уайымдаймын. Ешқандай "кабинеттің" есігін қаққан жоқпын. Бишімбаев тағы қандай іске барады екен деген айыптаулар да көп болды. Бұның өзі бізді де, мемлекеттік органдарды да айыптау, жала жабу. Біз отбасымызбен ұлымыз Салтанатты әдейі өлтірді дегенге сенбейміз. Олар жанұя болды. Ары қарай бірге тұрғысы келді. 9 қараша күні не болғанын біздің өзімізде білмейміз. Біздің ұлымыз бұны әдейі жасады деп ойламаймыз. Қоғамды манипулияцияға түссін деп қаламаймыз. Уәлихан Бишімбаев сөзінің соңында БАҚ өкілдерін шындыққа жанасатын ақпаратты ғана жариялауды сұрады. Сонымен қоса тиісті органдарды ашық әрі әділетті тергеу жүргізуге шақырды,- деп айтты Бишімбаев.