Әлем

Тоқаев Путиннің шақыруымен Петерборға барды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына қатысу үшін Санкт-Петербург қаласына келді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы Ақорданың ресми парақшасына сілтеме жасап.

Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің басшылары интеграциялық процестерді одан әрі дамытудың басты міндеттері мен негізгі бағыттарын талқылауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті ТМД елдері басшыларының бейресми кездесуіне де қатысады.

 Бүгінгі бейресми кеңес барысында бестік басшылары жиырмадан астам мәселені талқылайды. Оның ішінде экономикалық бірлестіктің 2030, тіпті 2045 жылға дейінгі даму декларациясы бар. Мұндай көп жылдық жоспар түзуіне қарағанда Экономикалық одақтың бүгініне барлық тараптың көңілі толатын секілді. Енді сандарға келетін болсақ, әзірге биылғы көрсеткіштер жарияланған жоқ, ал былтырғы статистика бойынша Қазақстанның одаққа мүше өзге елдермен өзара саудасы 28 млрд доллардан асқан.

Сондай-ақ, бүгін Еуразиялық Экономикалық одақ Иран Ислам Республикасымен Еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қояды. Еуразиялық комиссия мүшелері бұл құжатты рәсімдеуге үш жылға жуық уақыт кеткенін айтып отыр. Бүгінгі жиынға Армения тарапы да қатысты. Бұған дейінгі жиындарға елдің премьер-министрі Никол Пашинян қатыспай келген еді.