Аймақтар

Арал мен Байқоңыр тағдыры: Қызылорда облысының экологиялық жағдайы қалай?

Халықаралық Арал қорына Қазақстан келесі жылы төрағалық етеді. Байқоңыр ғарыш айлағы да осы облыста. Шындығында өңірдің экологиялық ахуалы күрделі дейді мамандар. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында Қызылорда облысында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын білу үшін Newsroom.kz порталы әкімдікке сұраухат жолдады.

Әкімдік өз жауабында осы жылдың 17 қарашасы күні ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Е. Нысанбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, Арал өңірінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойғанын айтты.

Осы ретте, Арал теңізіндегі фитоорманмелиоративтік жұмыстарды күшейту, елді мекендерді көгалдандыруға қажетті саялы және жеміс ағаш көшеттерін өсіретін тұрақты тұқымбақ ашу, мемлекеттiк орман қоры аумағында өрт сөндіру станцияларын салу, орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту болмақ,- делінген әкімдік жауабында.

Сонымен қатар, пилоттық жоба бойынша коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеп, сұрыптап пайдалануға беретін көрінеді.  Қызылорда облысындағы ұйымдастырылыған жоба негізінде Арал теңізінің құрғаған бөлігіне сексеуіл екпелерін егеді екен. 

Арал теңізінің құрғаған ұлтанының көлемі 4,5 млн. га құраса, оның 2,2 млн. га Қазақстанға тиесілі. 
Мемлекет басшысының 2021-2025 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн. гектар сексеуіл екпелерін ұлғайту жөнінде тапсырмасына сәйкес, сексеуіл егу жұмыстары жүргізілуде (2021 жылы 101 мың гектар, 2022 жылы 250 мың гектар орман отырғызу жұмыстары жүргізілсе, ағымдағы жылы 250 мың гектар).
Осы жұмыстарды үйлестіру үшін 2022 жылдан бастап саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мақсатында орманшыларға 95 арнайы автокөлік алынды. Биылдан бастап Министрліктің қолдауымен Дүниежүзілік банктің қайтарымсыз қаражаты есебінен Қазалы ауданында сексеуіл көшетін өсіретін
33 гектар болатын тұрақты тұқымбақтың құрылысы жүргізілуде,- делінген әкімдік жауабында.

Мемлекет басшысы «Қатты тұрмыстық қалдықтарға қатысты мәселелерді шешу, санитарлық талаптарға сәйкестендіру, сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және қайта өңдеу саласын дамыту» жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде жылына 60 мың тонна қалдықтарды сұрыптайтын полигон іске қосылған екен.

Осы ретте, жарамсыз қалдықтардың көлемін азайту үшін полигон жанынан газ тазарту, жылу және электр энергиясын өндіретін қондырғылармен жабдықталған қалдық өртейтін шағын зауыттысалу қарастырылуда.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың тамыз айында Үкіметпен жаңадан қоқыс полигондарын салу және оларды нормаларға келтіру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес өңірде 2027 жылға дейін жаңадан 4 полигон (Арал, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарында) салынып, пайдалануға берілуі тиіс.
Бүгінгі күні, бұл полигондардың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған,- делінген әкімдік жауабында.