Кредит беретін ұйымның басшысы қазақ тілі үшін 100 млн тг аударады
Жуырда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қазақ тілі үшін 7 млн аударғанын жазған едік. Енді белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры, меценат әрі филантроп Д.Тастекеев 100 млн теңге аударды.
Бұл туралы “Ана тілі” басылымына сілтеме жасаған newsroom.kz басылымы жазады.
Дулат Тастекейді көпшілік қазақ тілінің жанашыры ретінде таниды. Ол өзі басқаратын компанияда қызметкерлердің қазақ тілінде сөйлеуін талап етіп, іс-қағаздарды қазақшалаған.
Мен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасын қолдап, жаңадан құрылған Qazaq Tili Endowment қорына ASSYLTAS қоғамдық қорынан 100 млн.теңге аударатынымды хабарлаймын. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Қазақ тілі өлмейді, мәңгі жасайды!”, - деді Дулат Тастекей.
Айта кетейік, 7 желтоқсанда ең алғашқы болып аталған қорға жеке қаражатынан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 млн. теңге аударған болатын.
Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – "Қазақ тілі" қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс "Қазақ тілі" қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
Өзге кәсіпкерлер неге аудармай жатыр? Әлде қазақ тілі Мемлекет басшысына сосын Д.Тастекеевке қана керек пе?