Астанада педагогикалық университет ашылады
Елордада педагогикалық университет пен педагогикалық институт ашылады. Бұл туралы Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев айтты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы kazinform-ға сілтеме жасап. Айта кетейік, бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астана жұртшылығымен кездесу өткізіп жатыр. «Үш ауысымды және шамадан тыс мектептердің мәселесін шешу үшін 12 жаңа мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі күні оның жетеуі пайдалануға берілді. Қалған бесеуі осы айда пайдалануға беріліп, 3 тоқсанда оқу процесі басталады. 2024 жылы 33 мектеп, 2025-2028 жылдары тағы 43 мектеп салу жоспарланды. 2023-2027 жылдар аралығында барлығы 200 мыңға жуық орынға арналған 88 мектеп салу көзделіп отыр. Қаланың бас жоспарында белгіленген 2035 жылға дейінгі орын тапшылығын толығымен шешеміз. Аталған мектептердің құрылысы, қаламыздағы үш ауысымды 8 мектептің және бала саны шамадан тыс 16 мектептің мәселесін толық шешеді», - деді басқарма басшысы. Оның атап өтуінше, жыл сайын мектеп оқушыларының санының өсуіне байланысты қалада 2026-2027 оқу жылына қарай 5 мың педагогқа қажеттілік туындайтын болады. Кадр тапшылығын шешу мақсатында жыл сайын жергілікті бюджет есебінен педагогикалық мамандықтарға 1 000 орынға мемлекеттік тапсырыс беріледі. «Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы тапсырысын орындау мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында гуманитарлық колледж базасында педагогикалық университет ашылады. Сондай-ақ «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің» базасында, Абай атындағы ҚазҰПУ филиалын және «НИШ» базасында педагогикалық институт құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Қасымхан Сенғазиев.