Энергетика вице-министрі қызметінен кетіпті
Вице-министр Жандос Нұрмағанбетов "ведомство басшылығымен жанжалдасуына байланысты жұмыстан шығып жатыр" деген қауесетке Энергетика министрлігі пікір білдірді, - деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жандос Нұрмағамбетов электр энергетикасы, ЖЭО, ЖЭК салаларына жетекшілік еткені белгілі.
"Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 16 қарашадан 15 желтоқсанға дейін еңбек демалысында, кейін басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан босатылады. Желіде таралған вице-министр мен ведомство басшылығы арасындағы жанжал туралы ақпарат шындыққа жанаспайды", - делінген ведомство хабарламасында.
Жандос Нұрмағанбетов 2003-2005 жылы "Каруглесбыт" ЖШС директорының орынбасары, директоры; 2005-2006 жылы "Карагандинская региональная энергетическая компания" ЖШС директоры; 2008-2010 жылы "Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы" АҚ бас директоры; 2011-2013 жылы "Қызылорда" ӘКК" АҚ басқарма төрағасы; 2013-2020 жылы "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы есеп айырысу орталығы" ЖШС бас директоры; 2020-2021 жылы "KEGOC" АҚ Стратегия және даму жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарған. 2021 жылғы 13 желтоқсаннан бастап энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалған болатын.