Жаңалықтар

“Сенен осылай айырылып қалам деп ойламадым”: Бекжан Тұрыс Асқар Наймантаевты еске алды

Отандық белгілі актер Бекжан Тұрыс дүниеден өткен әріптесі, құрдасы, досы Асқар Наймантаевты туралы естелік жазба жариялады,-  деп хабарлайды newsroom.kz.

Сатиралық мұраларың «Алтын қорда» ғана сақталып қалуы тиіс құрдасым-ау, сенен осылай айырылып қалам деп ойладым ба… «Кластасым» деп қағытып, «құрдасым» деп қалжыңдап жүретін Асекең – Асқар Наймантаев өзінің әлеуметтік желідегі әрбір жазбасына кейде тіпті қатысым болмаса да мені ілмектеп белгілей беретін. Құдайдың кұдіретін-ай, өмірінің соңғы күндерінде қасында болуды жазды.
 

«Әй, Асқар, сен ештеңені уайымдама. «Бекжан тәуіп» деген Бауыржан аға Қаптағаев қойған атым бар, өзің жақсы білесің. Көресің осыдан жазам сені. Әлі-ақ еске алып айтып отырамыз осы күндерді», — дегеніме мәз болып күлген едің. Денсаулығыңа араша түсудің қамына кірісіп, дәрігерлермен де келісіп, жанашыр жанның арқасында алғашқы қажетке жаратар қаржыны да тауып қойғанда бақиға бет бұрып кете бердің, құрдасым-оу… Күйікке толы күрсініс, өзек толы өкініш, өкпеде өксік, қабырғам сөгіліп, жаным езіліп тұр… - деп жазды Бекжан Тұрыс.