Ерлан Нысанбаев Түркістанды көгалдандыру жұмыстарымен танысты

Министр жауапты мамандарға ботаникалық баққа ерекше көңіл бөліп, өсімдіктерге айрықша күтім жасау қажеттігін айтты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Қожа Ахмет Ясауи университетіне қарасты ботаникалық баққа барды. Университет ректоры Жанар Темірбекова ботаникалық бақтың тыныс-тіршілігімен және атқаралып жатқан жұмыстарымен таныстырды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Себебі, ең алдымен көшеттерді қатал континенталды климатқа бейімдеу маңызды екенін жеткізді.

Осыдан 29 жыл бұрын Ахмет Ясауи университетінде көлемі 88 гектар «Ботаникалық бақ» құрылды. Ботаникалық баққа елімізден және жақын шет елден 59 туыс, 28 тұқымдас, 127 түрге жататын декоративті, жеміс-жидек, ағаш бұталы және гүлді өсімдіктер интродукцияланып, өңірдің қатал климаттық жағдайына бейімделген коллекциясы құрылған. Ботаникалық бақта құнды гендік қорды сақтау және көбейту үшін материалдық-техникалық база құрылған. Мұнда ағаш және бұта өсімдіктерін өсірудің заманауи технологияларын меңгерген мамандар жұмыс істейді.

Ерлан Нысанбаев қала аумағындағы «Жасыл белдеу» жұмысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Министр «Жасыл белдеуге» қуаңшылық жағдайына бейімделген жергілікті ағаштарды егу қажеттігін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Түркістанда 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 га жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңда бұл жұмыстар 15 мың гектарға орындалды. Оның ішінде 8 мың га жерге жапырақты ағаш, 7 мың га сексеуіл егілген. Алдағы уақытта саялы саябаққа айналдыру үшін әлі де жұмыстар жалғасады. «Жасыл белдеу» аумағын 30 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд. түрлі ағаш көшетін отырғызу белгіленген. Осыған сәйкес, облыс әкімдігі Қазақстан Республикасының Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдады. Онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

Жүктелуде...