Қылмыс

Өз әйелін тірілей өртеп жіберген Қанат Садуов жазасын қалай өтеп жатыр?

ІІМ бұрынғы әйелін өртеп жіберген Қанат Сәдуов жазасын қалай өтеп жатқанын айтты, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Сәдуов Абай облысы бойынша ҚАЖД № 19 мекемесінде жазасын өтеп жатыр екен. Алғаш рет сотталғасын жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуде.Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Сәдуов жалпы камерада басқа сотталғандармен бірге отыратын көрінеді.

ҚАЖК хабарлағандай, сотталған адам белгіленген мерзімнің 2/3 бөлігін өтегеннен кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш беруге құқылы. Оған берілген 18 жылдың 8 жылын өтеген екен.

"Сәдуов бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны оның неғұрлым жұмсақ түріне ауыстыру туралы, сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш берген жоқ", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Садуовтың асырауында төрт бала бар, олардың екеуі кәмелетке толмағандар, оларға ай сайын сотталған адамның жалақысының 33 пайызы алимент ретінде аударылады. Қазіргі уақытта Сәдуов сотталған мекеменің штаттық-шаруашылық қызметінде жұмысшы ретінде жұмысқа орналастырылды.

Қазір Садуов 51 жаста. Ол 43 жасында сотталған еді.

Жантүршігерлік оқиға 2015 жылдың 26 мамырында болды. Елордалық № 25 мектептің ауласында Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Светлана Садуованы бұрынғы күйеуі Қанат Сәдуов күтіп тұрып, қылмыстық әрекетін жүзеге асырған. Ол әйелге бензин құйып, өртеп жіберген. Әйел денесінің 70 пайызын күйік шалып, төртінші күні ауруханада қайтыс болды. Болған оқиғаға дейін Светлана Садуова тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге көмек көрсету дағдарыс орталығында екі ай тұрған көрінеді. Жас әйел қайтыс болғаннан бері сегіз жылдан астам уақыт өтті. Марқұмның артында төрт баласы қалды.