+997 кодын қолдануымыз мүмкін бе? Мусин жауап берді

Бағдат Мусин телефон кодына байланысты сұрақтарға жауап берді

фото: el.kz

Қазақстандықтар +997 кодына өтетіні туралы ақпарат тарап, артынша біраз наразылықтан кейін ауыспайтынымыз белгілі болды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Бағдат Мусин осыған байланысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды newsroom.kz.

el.kz-тің жазуынша журналист «Бұған не себеп болды? Ресей тарапынан қандай да бір қысым болды ма?» деп сұрақ қойған. Бағдат Мусин бұл сауалға төмендегідей жауап беріпті.

Кодты біз талап еттік. Бізге код берілді. +997 коды резервте тұр. Бірақ біз азаматтардың шағымдарын ескердік. Олар «біз неге +7 кодынан кетуіміз керек?» деп айтты. Кеңес үкіметі құлаған кезде сол +7 коды Ресейде қалды. Содан кейбір мемлекеттер шыға бастады. Ал біздің мемлекетіміз Ресей Федерациясымен ведомствоаралық келісімге қол қойды. Соның аясында +7 және 7 саны Қазақстанға тиесілі. Құжаттың ішінде екіжақтың біреуі осы келісімшарттан бас тартамын десе, жарты жылдан аспай екінші тарапты хабардар етуі керек және ол келісім бұзылады. Яғни, біз кодсыз қалуымыз мүмкін. Сол үшін осы мәселені қайта қалпына келтіру үшін қазір Ресеймен бір мәлімдемеге келдік.

Яғни, келешекте ол келісім шарттан бас тартуға болмайды. Біз +77 деген санды өзімізге қалдырып, оны мемлекетаралық деңгейде келісімшартта бекітетін боламыз. Азаматтарға ыңғайлы болып жатса, бір жылдың ішінде ауыстыру бізге қиын емес. Бірақ 20 млн абонеттеріміз басқа да интернет платформаларында тіркелген кодтарын жаңарту жұмыстары өте қиын болады, – деді министр.

Жүктелуде...