Созақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара өтті

Түркістанда жеке құраммен кездесу өтті

фото: polisia.kz

Бұл туралы newsroom.kz порталы Созақ полиция бөліміне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын-алуға бағытталған шаралар туралы» департамент басшысы Мұрат Талапұлының бастамасына орай Созақ ауданы жеке құрам қызметкерлерімен жедел кеңес болып өтті.

Аталған жиынға аға тергеуші, полиция майоры Ұ.Сүлейменов, аға инспектор полиция аға лейтенанты Е.Есет және Созақ ауданы АПБ-ның жеке құрам қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында Республика көлемінде орын алып жатқан қылмыстар мен интернет дамыған заманда қызметкерлерге лудоманияның алдын алу бағытында, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге бағытталған жұмыстарды қатаң бақылауға алу туралы баяндама оқылып, қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Айта кетейік, қазіргі кезде сыбайлас  жемқорлық  әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз, оның ішінде Қазақстанда да, әлеуметтік құбылыс ретінде өмірін жалғастырып келеді, ол тек ауқымдылығымен ғана ерекшеленеді. Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады.                                                                                        

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі.                                                                                                        

Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілеті. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады.                                                                                                                  

Қазақстан Республикасының әр азаматы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыра білсе еліміздің дамуы бұданда биік дәрежеге көтерілетіні хақ. Жалпы, кез-келген қызметкер өз отбасында, әріптетерінің арасында осы бір қағидаларды ұран қыла білсе, бұл індеттің түбімен жойылатыны анық.

Әрбір қоғам дамуының жақсы жағымен қатар көлеңкелі тұсы да қатар жүретіндіктен, елдің әлеуметтік хал-ахуалының жақсарып, экономикалық жоғары даму деңгейіне жетуді, халқымыздың демографиялық өсіп-өнуін көздеген шаралар жасалынып жатқан кезде, алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту - әрқайсымыздың азаматтық борышымыз болып табылады.

Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда керісінше фактіні байқауға да болады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды.

Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпалын тигізетін саяси факторларға мемлекеттік құрылымның ерекшеліктерін жатқызуға болады. Қоғамның демократиялануына байланысты сыбайлас жемқорлық «жаңа» салаларды игерді, бұл – саяси партияларды, электораттық лауазымдық қылмыстарды қаржыландыру, сайлауда сайлаушылар дауысының басым көпшілігін алуды қамтамасыз ету үшін саяси демеушілер жүйесін дамыту. Демократияландыру үдерісі саяси қызметті жүзеге асыру үшін орталық биліктің біршама өкілеттіктерін аймақтық және жергілікті билікке беруді көздейді, ал бұндай жағдай кейбір басшыларға жаңа конституциялық өкілеттіктерін асыра пайдалануға мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлық - бұл әлеуметтік жауыздық, біріншіден мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік түрде құлатады. Мемлекеттік аппараттың тиімсіз ұйымдастырылуының салдарынан қоғамда құқықтық реттеудің кемшіліктері де орын алуы ықтимал. Құқықтық реттеудің кемшіліктеріне кейбір елдердің заңнамасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәмілелер жасасқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жазалау жүйесінің болмауы, мемлекеттік қызметті өтеу жөніндегі нақты ережелер мен регламенттің жоқтығы жатады. Ал бұндай жағдай ұйымдасқан қылмыспен астасып жатқан кәсіпкерліктің және биліктің тығыз байланыста жұмыс істеуіне өте тиімді.

Сыбайлас жемқорлықпен барлық азаматтар күресу қажет, жемқорлықтың тамырына балта шабу сіз бен біздердің міндетіміз деп білу керек.

Жүктелуде...