Түркістан облысында жұмыспен қамту шаралары арқылы АӘК алушылар саны 22 пайызға төмендеді
Оның ішінде 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы уақытша жұмыс орындары, деп хабарлайды newsroom.kz.
Биыл «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобасын» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды (99,9%). Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың апталық отырысында бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларына басымдық берілуі тиіс екенін ескертті.
– Мемлекет басшысы жыл сайын «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын» ашуды тапсырды. Жыл қорытындысымен бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдеріне «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Бюджеттік мекемелерге ғана емес, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларына да тұрғындарды тартқан жөн. Қосымша инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, биылғы 17 қарашадағы дерек бойынша республика көлемінде Ұлттық жобалар негізінде 47,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан астам азаматпен электрондық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр.
Биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінгі таңға 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамту шараларына жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд. теңге қаржы қаралып, 1688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырды. Бір орынға орташа көлемде 7 адамнан келіп түсті. Нәтижесінде 1688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қол өнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін ашуда.
Биыл пилоттық жоба ретінде грант алушыларға бір бағытта кәсіп ашу ұсынылды.
Атап айтқанда, Сайрам ауданында бір көшенің бойында орналасқан 20 азамат күрке тауық асыраумен, Сарыағаш ауданында 40 азамат тамшылатып суғару әдісімен құлпынай өнімдерін өндірумен, Шардара ауданында 20 азамат тігіншілікпен, Түркістан қаласында 11 азамат қолөнер бұйымдарын өндірумен айналысуда.
Биыл ҚР Президентінің сайлауалды тапсырмасы негізінде 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсіммен 5 млн. теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспарланды. Осы мақсатта 2,9 млрд. теңге қаржы қаралды. Бүгінгі таңда 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 млн. теңгеге мақұлданды. 490 адамға 2236,7 млн.теңгеге қаржысы аударылған.
Осы және өзге де жұмыстар арқылы биыл өңірде АӘК алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22% - ға төмендеген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі