Жаңалықтар

Түркістандықтар жас сарбаздарды әскерге шығарып салды

Іс-шараға Түркістан облысы бойынша Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер кеңесінің төрағасы Тұрғанбек Бегимов, Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев, Түркістан қаласы мен Сауран ауданының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы полковник Дилмурад Нұржанов, «Таулы Қарабахтағы соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер мен мүгедектерінің» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысы бойынша төрағасы Махмуд Дәрібаев және 6506 әскери бөлімінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы майор Арман Утенов қатысты, деп хабарлайды newsroom.kz.

Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Жандос Күлдербаев өз сөзінде ер-азаматтар арасында әскерге баруға деген үлкен ұмтылыс пен патриотизмнің бар екенін атап өтті.

– Өз еліңнің патриоты болу, оны қорғау – әр азаматтың Отан алдындағы абыройлы міндеті, қасиетті борышы! Ер-азамат сарбаз болып сапқа тұрып Отан алдында адал болу үшін ант беру аса маңызды сәт. Барлық әскерге аттанған жас сарбаздарды антына адал, сертке берік болып, әскери міндетті мінсіз атқаруына тілектеспін, – дейді ұлын әскерге жіберіп тұрған әкелердің бірі.

Іс-шара соңында ҚР Ұлттық Ұланы 6506 әскери бөлімінің оркестрі және Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздар ұжымы әскерге шақырылушыларға арналған концерттік бағдарламасын тарту етті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі