Жаңалықтар

Түркістан: Сарыағашта орталық мешіт ашылды

Ғибадат үйінің сыйымдылығы 1500 адамға арналған. Өткен жылдың шілде айында басталған жөндеу жұмыстары бүгінде заман талабына сай етіп жасалған, деп хабарлайды newsroom.kz.

Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, аудан әкімі Арман Абдуллаев, ауданның төбе биі Рахымберді Оспанов аудан халқын құттықтап, қызыл лентасын қиды. Сондай-ақ ел азаматтары және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары мен тұрғындар қатысты.

Шараға қатысушылар құлшылық үйін күрделі жөндеуден өткізіп, елдің игілігіне табыстаған демеушілерге шынайы алғыстарын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады.

Бүгінгі таңда, күрделі жөндеуден өткен мешіттің айналасы электр шамдармен жарықтандырылып, жеке жылыту газ қондырғысы орнатылған. Нысанның ішкі, сыртқы қасбеті жаңартылып, құлшылық үйінің ішіндегі ұлтымыздың бағзы ою-өрнектер көркемделген.

Айта кетейік, жалпы ауданда 90-нан астам мешіт бар.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі