Түркістан облысында экономикалық көрсеткіштер бойынша Созақ ауданы көш бастап тұр

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін нақтылау мақсатында облысқа қарасты аудан, қала әкімдерінің арасында 2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша рейтингі түзілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Онда облыс әкімі тарапынан жүктелген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы және ауыл шаруашылығы, инвестиция, құрылыс, өнеркесіп өнімдері, жаңа жұмыс орнын құру және тағы басқа салалар бойынша атқарылған жұмыстар толықтай қамтылды, деп хабарлайды newsroom.kz.

Нәтижесінде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды мерзімінде әрі сапалы орындау рейтінгісі бойынша Созақ ауданы көш басына орналасты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша«Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін І кезеңіне Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды. Бағдарламаның ІІ кезеңіне Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері енгізіліп, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 264 азаматтың құжаты мақұлданып, 148 азамат 782,910 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.

Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам  тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қа­жет­ті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.

Жыл басында өткен жобаға жол ашып берген алқалы жиында «Amanat» партия­сының төрағасы Ерлан Қошанов: «Бұл – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсар­туға, проблемаларын жедел шешуге, ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам. Жобаны пилоттық іске қосу қорытындысы бойынша Жамбыл облы­сының 11 ауылдық округінде ауылдардағы орташа айлық табыс 1,7 есе өсті, атау­лы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайды, жұмыссыздық деңгейі 36%-ға төмендеді. Үкімет пен «Amanat» партия­сының міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру аса маңызды», деген еді.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдік­тер қарастырылған? Бағдарлама бо­йынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сон­дай-ақ техниканы лизингке рәсімдеу­ге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңна­ма бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банк­тен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зей­неткерлік жасқа толмаған жұмыс­керлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарлар­ды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөнін­дегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруа­шылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күн­көріс деңгейінен төмен өндіріс­тік коопе­ративтердің мүшелері ала алады.

Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өт­кен жарнаның, мемлекеттік кірістер ор­ган­дарында берешектің болмауы талап етіледі.

Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік коо­перативке өткізу талап етіледі.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша да жұмыстар қарқынды. Аудан көлеміндегі 35 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Шолаққорған ауылының «Ақшам» және «Наурыз» мөлтек аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға 51 млн. теңге, 2023 жылға 657 млн. теңге қаржы бөлінді. Су тарату нысандарының орындары қоршалып, 30 шақырымға жуық су құбыры траншеяларға тасталды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін, Шолаққорған ауылы тұрғындары тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Жолдардың сапасын арттыру мақсатында осы жылы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін қажетті қаржы бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Құрылыс саласы бойынша Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысына 245,5 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Нысан құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» жобасына 181,3 млн. тенге қаралды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы» жобасына 2 065,0 млн. теңгеге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

Биыл республикалық бюджеттен 300 млн.теңге қаралды. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шолаққорған ауылынан Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстары басталды.

Сондай-ақ Ыбырай ауылынан Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы орта мектебі жанынан 200 орындық жаңа ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп көзделуде.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жүктелуде...